Әнші Гүлнұр Оразымбетова шығармашылық концертінде ұлымен қосылып ән шырқады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» орталық концерт залында «Серпер» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлнұр Оразымбетованың «Айналайын Атамекен - ақ мекен» атты шығармашылық концерті өтті. Бұл өнер кеші Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.

Әнші Гүлнұр Оразымбетова шығармашылық концертінде ұлымен қосылып ән шырқады (ФОТО)

Сахна шымылдығы Р.Таймановтың «Қорқыт-қобыз» ән-дастанымен ашылды. Мыңжылдықтар тоғысында Гүлнұр Оразымбетова осы бір ерекше туындыны орындауымен әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Әншінің жаңа орындауындағы бұл ән өнерпаздардың ұлттық нақыштағы билеген биімен жарасымды үйлесім тауып жатты. Сахна төріндегі үлкен экранда көрсетілген әнге лайықталып түсірілген бейнесюжеттер де шығармашылық кештің сәнін арттыра түсті.

Қорқыт бабамыздың ұлылығы, қазақ даласының кеңдігі мен қобыздың құдіретті үні осы бір ән арқылы жүректеріне жеткен көрермендер әншіге шынайы қошемет көрсетті. Одан кейін әнші «Домбыра үні» әнін шырқады.

Келесі кезекте сахна төріне Сүйінбай Аронұлы атындағы Алматы облыстық филармониясының «Адырна» ансамблі шақырылды. Бұл өнер ұжымы көрермендерге Марат Бердіқұловтың «Ақ сауыт» күйін тарту етті. Гүлнұр Оразымбетова кезінде осы ансамблдің сүйемелдеуімен халқымыздың сүйікті әншісі Мәдина Ералиеваның концерттері жиі өтетінін айта келіп, Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақ баян» әнін орындап берді. Сондай-ақ Гүлнұр ансамблдің сүйемелдеуімен Жетісу өңірінің «Ай-сәулем-ай», Нұрғиса Тілендиевтің «Қыз Жібек» фильміне жазған «Шіркін-ай» әндерін әуелете шырқап, кең залға жиналған көрермендердің қошеметіне бөленді.

Енді бір сәт әнші қолына домбыра алып, Майлықожаның ана туралы термесін өнер сүйер қауымның назарына ұсынды.

Бұл кеште Гүлнұр өнерде бірге жүрген әнші достарымен қосылып ән шырқады. Айталық, «Азия» тобымен, Әлішер Кәрімовпен, Бүркітпен, жас әнші Серік Ибрагимовпен бірлесіп орындалған әндер көрермендердің көңілінен шығып, қошеметіне бөленді. Сол сияқты ұлы Сырыммен бірге «Ана мен бала әнін» орындап берді.

Танымал әзілкеш Қанат Әбжаппаров өз әзілдерін айтып, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.

Қазақ елінің тарихынан сыр шертуден басталған концерт ұлттық ән, күй және термелермен жалғаса келіп, қазіргі заманғы әндерге ұласты. Тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктері мен Елорданың сәні мен сәулеті ән болып шырқалды. Концерт сахналық безендірілуімен, өзара үндестік тапқан бейнекөріністермен ерекшеленді.

«Биыл еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде. Осы тұста ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани байлығымызды әнмен дәріптеп жүрген біздер үнсіз қалсақ, дұрыс болмас еді. Бүгінгі концерт Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр және өнер жолында келе жатқаныма 15 жыл толуына орай есеп бергенім ретінде қабыл алыңыздар»,- деді Гүлнұр Оразымбетова.

Осы кешті белгілі тележүргізушілер Ләйла Сұлтанқызы мен Ламбриан Топузидис жүргізіп, өнер сүйер қауымға Гүлнұрдың шығармашылық жетістіктерін әсерлі жеткізе білді.

Айта кетер болсақ, Гүлнұр Оразымбетова 2000 жылы «Жас қанат» әншілер байқауының 1-ші жүлдесін жеңіп алды, сол жылы «Азия дауысы» халықаралық байқауындағы «Қазақстанның жаңа әндері» байқауының үшінші жүлдесін иеленді, ал 2001 жылы Болгарияда өткен 10-шы халықаралық музыкалық фестивалінің де жүлдегері атанды.