Әнші Роза Рымбаеваға қатысты беймәлім суреттер мен бейнекадрлар көрсетілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кешке «Қазақстан» телеарнасындағы «Сенбілік кездесу» бағдарламасында Роза Рымбаеваның өміріндегі беймәлім сәттер көрсетілмек. Көрермен әншінің өміріндегі алғашқы махаббат мен алғашқы түңілу, сахнаға алғашқы қадам, өнердегі алғаш сәтсіздік, жұлдызды сәт, танымалдылық, қайғысы туралы біле алады, деп хабарлады телеарнаның баспасөз қызметінен.
None
None

«Қазақстан» телеарнасында ақпанның соңында жаңа форматтағы-«мемуарлық» жанрдағы «Сенбілік кездесу» атты жаңа бағдарлама шыға бастады. Жүргізуші Құрманбек Жұмағали танымал тұлғалардың ел білмейтін жеке өмірінің сырларын ашуға талпынады.

Бағдарламаның кезекті қонағы - Қазақстанның «алтын дауысы», қазақстандық эстраданың «примадоннасы», Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі - Роза Рымбаева. Эстрададағы алғашқы жолы, «Арай» ансамблінде өткізген жылдары, алғашқы шетелдік конкурстары мен концерттері туралы халықаралық конкурстарда КСРО-ны танытқан алғаш қазақстандық әнші Роза Қуанышқызының өз аузынан естиміз. Болгарияда сәтті өнер көрсетіп, сондай-ақ «Жыл әні» фестивалінің финалына шықаннан кейін РозаРымбаева КСРО-ның «Звуковая дорожка» хит-шеруінде әншілердің үздік ондығына еніп, 3-орынды иеленді. Осыдан кейін ол Алла Пугачева мен София Ротарудан кейінгі КСРО-ның «үшінші дауысы» деген атаққа ие болды. Осы сенбі күні «Қазақстан» телеарнасының көрермендері Роза Рымбаеваның өмірімен жете танысады. Бұл 40 жылдық тарихы бар шығармашылық естеліктерден құралған кеш болмақ. Қазақстандық эстраданың жарық жұлдызы, сондай-ақ, сүйікті де қамқор ананың өмірінен алынған әлі күнге дейін ешкім көрмеген сирек суреттер мен бейнекадрлар, жұрт біле білмейтін естеліктер, табыс әкелген алғашқы сахналық көйлек осы кеште қалың көпшілікке көрсетіледі. Студияға күтпеген қонақтар, оның ішінде қарапайым алматылық такси жүргізушісі де келеді. Алғашқы махаббат мен алғашқы түңілу, сахнаға алғаш шығу және өнердегі алғаш сәтсіздіктер, миллиондаған табынушылар мен жұлдызды сәт, танымалдық, қайғы, орны толмас қазалар. Бүгінгі күні немен айналысады, болашақта шығатын әні қандай, нені армандайды. «Қазақконцерт» республикалық концерт бірлестігінің әншісі және Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының профессоры, ұстаз осы сұрақтардың жауабын 4 сәуір күні 21.00-де «Қазақстан» телеарнасынан беретін болады.

Соңғы жаңалықтар