Аңшылықтағы қайғылы оқиға: Ақмола облысында зейнеткер оққа ұшты

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында аң аулап жүрген ер адам оқыс жағдайда мерт болды. Оқ атылған қарудың иесі — Көкшетау тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

аңшылық
Фото: Pixabay

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

— Қару иесі қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Алдын ала анықталғандай, оқиға 6 қыркүйек күні Зеренді ауданындағы аңшылық маусымы кезінде болған. Көкшетау тұрғынына тиесілі мылтықтан абайсызда оқ атылып, қайғылы жағдайға әкеп соққан, — деп хабарлады ведомство өкілдері.

64 жастағы ер адамға оқ тиіп, алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Полицияның мәліметінше, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында үйлену тойынан кейін атыс шығарған бес адам 17 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланған еді.