«Аңшылық ұмыт қалды амал бар ма? Қансонарда джиппен шығады аңға» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бірлесіп, «Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның экономикалық ынтымақтастық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылы» деген тақырыпта халықаралық дөңгелек үстел өткізді. «Қазақстанның Ауғанстанға мамандар әзірлеу саласында да ауқымды тәжірибесі бар. Бас­қо­су­да Қазақстан басшысының бастамасымен Арнайы оқу-ағарту бағдарламасы бойынша ауған азамат­тарын біздің елдің жоғары оқу орындарында оқыту қолға алынып отырғандығы баса айтылды. 2018 жылға дейінгі аралықта мыңға жуық ауғандық студент Қазақстанда білім алатын болады»,-деп жазады басылым «Ауғанстан мәселесіне арналды»тақырыбындағы материалда.

Осы басылымда «RTS телеарнасы: «Храпуновтар отбасының есепшоттары жабылды» атты мақала жарияланды. «Қазақстанның Қаржы полициясы Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық істі текке қозғамағаны белгілі. Атақты қашқын елде жүріп, түрлі дәрежедегі билік тізгінін уысында ұстап отырғанда көптеген қатерлі қылмыстық әрекеттерге барған еді. Міне, енді Швейцарияның Женева қаласының прокуратурасы ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікпен Храпуновтың отбасын тексеруді бастады және Храпунов пен оның әулетінің барлық есепшоттары жабылды, деп хабарлады швейцариялық RTS телеарнасы. Regnum ақпарат агенттігі хабарлағандай, тексеруді бастау шешімі ағымдағы жылдың көктемінде қазақстандық биліктің Швейцарияға құқықтық көмек көрсету жөніндегі сұранысына байланысты қабылданды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан». Швейцариялық телеарнаның мәліметі бойынша, Credit Suisse и Schroder & Co Bank AG банкілеріндегі Храпунов отбасының есеп-шоттары жабылды. Оның үс­тіне аталған банктерден Ал­ма­тының бұрынғы әкіміне қа­тысты барлық құжаттар алын­ды. Енді швейцариялық прокуратура ал­дында Храпуновтың және оның туысқандарының 323 миллион долларды қайдан алғандығын анық­тау мәселесі тұр.

  

***

«Алаш айнасы» басылымының Ой-көкпар айдарында «Байлардың мұрагерлікке қалдыратын дүние-мүлкінің шегін белгілеу керек» деген пікірмен келісесіз бе?» деген қызықты тақырып ұсынылып отыр. Мамандар мәселені ойталқыға салып, тақырыптың тиімді тұстарын талқылайды.

Осы басылымның «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында «Халық арасындағы ақырзаман туралы алыпқашпа әңгімелердің алдын алу жолдары қалай?» деген сауал қойылған. Мамандар «халықтың рухани көзі ашық болса, мұндай жалған ақпаратқа ешкім үрейленіп, дүрлікпес еді», «егер шынымен ақырзаман орнаса бәрібір ешкім қашып құтыла алмайды, сондықтан дүрлігіп, жансауға іздеудің қажеті жоқ»  дейді.

 

«Алаш айнасының» Қоғам бөлімінде  «Аңшылық ұмыт қалды амал бар ма? Қансонарда джиппен шығады аңға» мақаласында ұлттық аңшылық дәстүрдің құрып бара жатқандығы, қазіргі аңшылардың заманауи техникамен аң біткенді оңды-солды жөнсіз қыра беретін үрдіс қалыптасып келе жатқындығы туралы мақала көтерілген.

***

«Қолжетімді баспанаға қол жеткізу мемлекет тарапынан бір жолға қойыла бастаған соң ба, ипотекалық несие  алуға құштарлар саны да арта түсуде. Бірақ банктер тарапынан ондай құлшыныс байқалмайды. Ұлттық банк жүргізген «Несие нарығының ахуалы және болжамдық параметрлері» атты зерттеулерінің мәліметі бойынша, 2012 жылдың үшінші тоқсанында ипотекалық несиеге шектеу жалғасуда. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Айқын» бамылымының бүгінгі санындағы «Банктер үшін тұтыну зайымдары тартымды» атты мақаланы оқыңыз.

Соңғы жаңалықтар