Антальядағы қонақ үйлердің бірінде уланған қазақстандықтардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ
АСТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат - Антальяның «Гранд Ринг» қонақ үйінде уланған бірқатар шетелдік демалушылардың арасында Қазақстанның 5 азаматы бар екендігі белгілі болды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР СІМ баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті.
«Қазақстанның Антальядағы консулдығынан келіп түскен ақпаратқа сәйкес, отандастарымыз дер кезінде жергілікті «Марина» емханасында тиісті ем-дом алып, қонақ үйге жеткізілді. Консулдық қызметкерлер қазақстандықтарға барлық тиісті көмекті көрсетті, емдеу мекемесінің қызметкерлерімен кездесіп, азаматтарымыздың денсаулығына қазіргі уақытта ешқандай қауіптің жоқ екендігі анықталды»,-деді баспасөз хатшысы.
Азаматтардың улану себебін анықтау үшін, қонақ үй басшылары және медициналық персоналмен кездесу ұйымдастырылды. Бұнымен қоса, Анталья қаласының санитарлық бақылау саласындағы құзырлы органдар тиісті жұмыстар атқаруда. Нәтижесі қосымша хабарланатын болады.
«Қазіргі уақытта 3 азаматымыз басқа қонақ үйге ауыстырылды, 2 адамға ақшалары қайтарылды. Олардың жағдайы тұрақты және өздерінің денсаулығынан ешқандай да бір шағым жоқ екендігін хабарлады. Жалпы осы қонақ үйде Қазақстанның 33 азаматы бар екендігі анықталды»,-деп түйді Н. Айтмаханов.