Анталия қаласында өткен ІІ халықаралық олимпиадада Астананың №38 мектебінің оқушылары І орынды жеңіп алды
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №38 мектеп-лицей оқушылары 24-31 қазан аралығында Анталия қаласында өткен ІІ халықаралық олимпиадаға қатысып, жеңіспен оралды. «
Тәуелсіздіктің туы - білімді ұрпақ қолында»,- деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өз елінің, мектебінің абыройын асқақтатып, шәкірттеріміз өздеріне жүктелген үлкен сенімді ақтай білді. Түркия елінде өткен олимпиадаға 5 мемлекет қатысты. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан, Беларус, Түркия елінен барлығы 15 команда қатысып, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, физика, химия, биология, география пәндері бойынша бақ сынасты.
Осы тұста Астана оқушылары білімдерінің терең екендігін, басқа мемлекеттің оқушыларымен тең дәрежеде бақ сынаса алатындықтарын, бірлігі мен ұйымшылдығы жарасқан топ екендігін көрсете білді. Себебі олар оқитын №38 мектеп-лицейі Астана қаласындағы таңдаулы, мақтаулы мектептердің қатарында тұр.
№38 мектеп-лицейі 2002 жылы Республика бойынша таңдаулы мектеп атанды, 2006-2007 ж, 2007-2008 ж, 2008-2009 оқу жылдарында Астана қаласының «Ең үздік мектебі» атанып, қала әкімінің грантын жеңіп алды.
Айта кету керек, бұл білім ұясы 2009-2010 оқу жылының қорытындысы бойынша да ең жоғарғы ұпай жинап отыр. Міне, осындай мектептің оқушыларының да Анталиядағы олимпиадада көрсеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әр түрлі пәндер бойынша барған 62 оқушының 49-ы әр түрлі жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, әр түрлі пәндер бойынша Әмина Құдабаева, Нұрай Мадиева, Адила Серікхан, Жұбан Бегежанов, Темірлан Нәби, Мадина Кеңесова, Дария Есжанова, Темірлан Сатыбеков, Әділхан Әбдікәрім, Әсия Өтжанова, Аружан Дәрібай, Асқар Алшынбек, Әділ Малмақ, Арнұр Мадиев, Алмас Нұғман, Жандос Әмірғалиевтер бірінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ Олжас Сатыбалдиев, Сана Рамазанова, Әділхан Әбдікәрім, Диасжан Досболов, Камила Уайсова, Мерей Алимқұлова, Ернар Жарылғасов, Әділ Ибраев, Арман Қайыргелдинов, Арман Чиндалиев, Айнұр Жүнісова, Ақбота Жұмабек, Айдана Бағдатова, Әйгерім Қылышева, Әйгерім Санбаевалар екінші орындарды иеленді.
Сонымен қатар Диас Махмет, Әйгерім Есенова, Абдиғали Абдияр, Айдана Көшербай, Мәдина Нұғманова, Темірлан Марат, Ақнұр Абдрахманова, Жандос Амирғалиев, Аян Төребеков, Әлия Жарқымбаева, Ернар Қадырбаев, Арнұр Мадиев, Айдана Тойбасарова, Темірлан Сатыбеков, Ербол Көпжасарлар үшінші жүлделі орындарға ие болды. Мұның барлығы №38 мектеп-лицейдің оқушылары.
Командалық жүлделі орындарды қорытындылай келе, Астананың №38 мектебі І орынды жеңіп алды. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Шетелге барып, өзге мемлекеттердің мықты командаларымен білім сайысына түсудің қиындығын барлық адам түсінеді. Дегенмен астаналық шәкірттер өзгелермен терезесі тең екендігін, білімдері жоғары екендігін көрсете білді. Осы жерде шәкірттерін қияға қондырып, шыңға шығарған ұстаздарының да еңбегі ерен.
«Елімізді өркендетер, болашақтың кілтін ұстайтын осы білімді жас ұрпақ екені анық. Осы сенімді ақтау үшін, қазақ елінің мәртебесін жоғарылатып, шоқтығын биіктетіп, мектебінің мерейін тасытқан шәкірттерімізді мақтанышпен айтамыз. Біздің оқушылар Қазақстанның даңқын асырды»,- дейді №38 мектеп-лицейінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жамал Базарқұлқызы ҚАСЫМБЕК.