Анталияда қазақстандық туристерге көмек көрсету үшін жедел штаб құрылды - ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Анталияда қазақстандық туристерге көмек көрсету үшін жедел штаб құрылды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев айтты.
«Түркияға қатысты айтар болсам, мен бірқатар мәселе бар екендігін білемін. Белгілі болып отырғандай, біз барлық қажетті көмекті көрсетудеміз. Қазіргі уақытта біздің Елшілік пен Анталиядағы Қазақстанның консульдығы жедел штаб, «жедел желі» ашты. Өздеріңізге белгілі туристік фирманың туристік қызметінен зардап шеккен біздің 46 азаматымыздан 65 қоңырау келіп түсті. Олардың барлығына да қажетті көмек көрсетілуде. Туристік фирмалармен, Түркия билігімен бірлесіп, барынша көмек көрсету және аталған жайттың салдарын барынша төмендету үшін барлық шараларға қолға алынуда», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, 3 маусым күні TengriTravelsystem турфирмасы өз сайтына жұмысын тоқтататыны туралы жазған болатын. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, 600 бен 1000-ға жуық аралықтағы отандық туристерді Түркияда орналасқан қонақүйлерінен шығарып жіберуі мүмкін. Осыдан кейін, Азаматтық авиация комитеті «Эйр Астанамен» және басқа да әуе компанияларымен барлық жұмыстарды атқаруға кірісіп кетті. 19 маусымға дейін «Эйр Астана» компаниясының ұйымдастыруымен Алматы-Анталия және Астана-Анталия рейстері тоқтаусыз жұмыс істейтін болады.