Анталияда қазір тыныш, алайда, көшелерде қауіпсіздікті күшейтіп жатыр - Түркиядағы қазақстандық турист

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияға саяхаттап кеткен қазақстандық азамат, «Тамерлан» туристік компаниясының директоры Талғат Ләззатұлы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, болған оқиға жайында және өздерімен бірге жүрген қазақстандықтар туралы айтып берді.

Анталияда қазір тыныш, алайда, көшелерде қауіпсіздікті күшейтіп жатыр - Түркиядағы қазақстандық турист

- Сіздер Түркияның қай қаласында жүрсіздер?

- Біз Анталия қаласындамыз.

- Кешегі болған оқиға жайында не айта аласыз, амансыздар ма?

- Иә, бізде бәрі жақсы. Болып жатқан оқиғаның барлығы Ыстамбұл мен ел астанасы Анкарада болып жатыр. Ал Анталияда қазір тыныштық. Алайда, көшелерде қауіпсіздікті барынша күшейтіп жатыр. 

- Түркияға қашан барып едіңіздер, қанша адамсыздар?

- Түркияға келгелі бүгін сегізінші күн. Бір аптаға демалып қайтуға 8 адам келген болатынбыз. Негізі бүгін елге оралатын күніміз болатын. Рейс күтіп жатырмыз. Қазақстанға ұшатын ұшақ дәл қазір жоқ екен. Осыдан бірер сағат бұрын әуежайға бармақшы болып жиналып шыққан едік. Өкінішке қарай, жолдан қайтадан қонақүйге кері қайтарды.

- Түркиядағы Қазақстан елшілігі тарапынан бір нұсқаулар болды ма?

- Өзіміз елшілікке қабарласпадық. Күтіп алушы туристік компаниялар барын салып көмектесіп жатыр. Жағдайымыз жақсы. Қазақстаннан ұшақтың келу-келмеуі кешкі сағат 7-ге дейін белгілі болатын болды. Егер рейс болмаса, бізге жауапты компания ары қарай қонақ үйде қалдырамыз деп отыр.

- Сіздер жатқан қонақүйде басқа қазақстандықтар бар ма?

- Иә, осында 30-дан астам қазақстандық азамат бар. Бәріміз «MARTI MYRA-KEMER» деген қонақүйде бірге тұрып жатырмыз. Бұйырса, елге бірге қайтпақпыз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Елге аман-сау жетулеріңізге тілектеспіз.