Анталияға қарасты аудандағы саябаққа домбыра ескерткіші орнатылады - шетелдегі қазақ баспасөзі

домбра
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - «KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тату көрші Қазақстан еліне сапар - «Халық газеті»

Қытай мен Қазақстан тау-өзендері тұтасқан, бір-біріне іргелес тату көрші, жақсы дос және тамаша серіктес, деп хабарлайды қытайлық «Халық газеті» басылымы. 

«Екі ел халқының мыңдаған жылдар бойы достық алмасу тарихы бар, олар шығыс пен батысты байланыстыратын ежелгі Жібек жолының керемет жырларын бірге жазды. Шілде айында Қазақстанның елордасы Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары кеңесінің 24-інші отырысы өтті. Ендеше, онлайн «Халық Газетінің» тілшісінің камерасына еріп, тату көршіміз көркем Қазақстанды тамашалаңыз», деп жазған қытайлық БАҚ.

Сондай-ақ, осы аптада «Халық газеті» басылымында «Халық газеті» мен қазақстандық БАҚ-тың «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапада ортақ салудағы бірлескен сұқбатының нәтижелерін бөлісу жиналысы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

жиналыс
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық басылымның мәліметінше, «Халық газеті» мен қазақстандық БАҚ-тың «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапада ортақ салудағы бірлескен сұқбатының нәтижелерін бөлісу жиналысы 29 маусым күні Қазақстанның елордасы Астанада өтті. Қазақстан Парламентінің жоғарғы палатасының мүшелері Ғалиаскар Сарыбаев пен Әлішер Сатыбалдиев, «Халық газеті» бас редакторының орынбасары Сюй Лицзин, қарамағында «Правда» газеті бар «Қазақ газеттері» тобының бас менеджері Дихан Қамзабекұлы, ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директоры Асқар Жалдинов, Қазақстандағы Қытай Елшілігінің кеңесшісі Лю Хуа және басқалар кездесуге қатысты.

Сонымен қатар, қатысушылар соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан «Бір белдеу, бір жолды» жоғары сапада бірлесіп салуы үздіксіз тереңдеп, нақтыланып, жемісті нәтижелерге ие болды. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары бұдан әрі дәнекер рөлін атқарады, ынтымақтастық тәсілдеріне инновация енгізіп, Жібек жолының хикаясын жақсы баяндап, ортақ даму мен өркендеуге ықпал етеді деп үміттенетіндіктерін білдірген.

Ташкент облысының Қазақстанмен шекаралас аймағында ұзындығы 310 метрлік заңсыз жерасты өткелі анықталды.

Өзбекстан
Фото: uza.uz

ӨР Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Шекара қызметі және «Ташкент-Аэро» ХБК әскери қызметшілерімен бірлесіп өткізген жедел іс-шарада Үндістаннан Қазақстан арқылы елімізге ірі көлемде сапасы кепілдендірілмеген дәрі-дәрмекті заңсыз әкелумен айналысқан трансшекаралық қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, қылмыстық топ кезекті дәрі-дәрмек заттарын «Дели-Ташкент-Алматы» әуе жолы арқылы «Алматы» халықаралық әуежайына жеткізіп, Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш ауданы «Достық» елді мекеніне жеткізген және жасырын жерасты жолы арқылы Ташкент облысының Ташкент ауданына қарасты «Урикзор» аумағына өткізген.

«Жедел шара барысында қылмыстық топ мүшелерінен жалпы құны 1 млрд 94 млн 342 мың сумдық Үндістанда өндірілген Альбумин, Ремдесивир, Меропенем сияқты 107 атаудағы 17 048 дана дәрі-дәрмек заттай айғақ ретінде алынған», деп жазады өзбекстандық басылым.

Айта кетейік, жерасты жолы ауа желдеткіші, жарықтандыру жүйесі, жүк тасымалдауға арналған арбалар және арқандармен жабдықталған.

Сондай-ақ, «ӨзА»-да «Өзбекстанда алғаш рет 9 миллион тонна астық өндірілді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

комбайн
Фото: uza.uz

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Өзбекстан тарихында алғаш рет астық 9 миллион тоннадан асқан. Бұл туралы Өзбекстандық фермерлер, фермер, диқан қожалық иелері кеңесі хабарлаған.

Айта кету керек, биылғы маусымда суармалы алқаптарға егілген астық алқаптарынан 2 миллион 550 мың тонна немесе гектарына 2,5 тоннадан астам бидай жиналып, мемлекеттік сатып алу толығымен орындалды және қор биржаларында сату үшін қоймаларға жиналған.

Айта кетейік, 2023 жылы өзбекстандық диқандар 8,1 миллион тоннадан астам астық өндірген. Суармалы алқаптардағы орташа өнім 70,5 центнерді құраған.

Жеменей ауданындағы жылқышы ерлі-зайыптылар - Harajorga

Жеменей ауданы Қаржау қалашығы Көкқора қыстағының малшысы Жанболат әйелімен бірге бағымшылық ауласында бие сауумен айналысады, деп хабарлайды қытайлық «Harajorga» басылымы. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Алтай аймағында саяхат кәсібінің дамуына байланысты, қымыз сияқты ерекше өнімдер саудасы жақсы жүреді. Жанболат жылқы сүтінің базардағы саудасының жақсы екенін байқап, 2023 жылдан бастап қымыз сату шаруашылығымен айналысады. Қазір 40-тан астам жылқысы, 20 шақты биесі бар. Оның жылдық таза кірісі 150 мың юаннан (9 750 000 теңге – авт.) асады.

«Бақташы ерлі-зайыптының алдағы жоспары жұмыс көлемін үздіксіз ұлғайтып, бір жылдың төрт маусымында да қымыз сатуды жоспарлауда» деп жазады қытайлық БАҚ.

Иран Қазақстанға егіс алқаптарын суаратын заманауи технологиялар ұсынуға дайын - «Parstoday»

Егіс алқаптары
Фото: parstoday.ir

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен егіс алқаптарын суару, суармалы суды тасымалдау кезінде су шығынын азайту үшін тәжірибе және технологиялар алмасу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ирандық компаниялар Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суарудың автоматты қондырғыларын ұсынуға дайын.

Министр Н.Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде Қазастанда су қоймалары мен басқа да су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар басталған. Иран компанияларының осы бағытта үлкен тәжірибесі бар, тиімді технологияларды дамытуда. Олардың кейбірі елімізде жұмыс істеп жатыр. Жамбыл, Түркістан облыстарында ирригациялық желілерді қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондықтан ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырғым келеді.

Анталияға қарасты аудандағы саябаққа домбыра ескерткіші орнатылады - TRT

Тараздағы ескерткіш орнатылатын орын
Фото: trt.net.tr

Қазақтың белгілі ақыны, жырау Жамбыл Жабаев атындағы саябақта түркі халықтарының дәстүрлі көне музыкалық аспабы қос ішекті домбыраның ескерткіші орнатылады. Анталия қаласына қарасты Кепез әкімшілігінің ұйымдастыруымен ашылу салтанаты шілденің екінші аптасында өтеді.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Кепез мэрі Месут Кожагөз сайлау алды науқанда берген уәделерін орындау аясында жасалған істер туралы мәлімдеме жасады. Ол сөз кезегінде Жамбыл Жабаев атындағы саябақта Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығымен бірлесіп, домбыра ескерткіші орнатылатынын білдірді.

Хабарға қарағанда, Месут Кожагөз Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеевпен ескерткіштің құрылысы мен ашылу салтанаты туралы кеңес өткізген.

Ескерткіш Қазақстанда дайындалып жатыр. Аяқталғаннан кейін Анталияға жеткізіліп, саябаққа салтанатпен орнатылады.

Соңғы жаңалықтар
telegram