Anthropic компаниясы IPO алдында 80 млрд доллар шығынға ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Anthropic компаниясы Бағалы қағаздар және биржа комиссиясына жолдаған есебінде мол кірісі жайлы, сондай-ақ жасанды интеллект модельдерін іске қосуға қажет бұлттық қызметтерге бұрын-соңды болмаған шығын жұмсағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
Anthropic акциялары еркін айналымға қараша айының ортасында шығарылмақ. Сарапшылар IPO Claude әзірлеушісінің нарықтағы капитализациясын 2 триллион доллардан асырады деп болжап отыр. Болжам ақталса, Илон Масктың SpaceX компаниясы орнатқан рекордтан асып түсуі мүмкін.
IPO өтінімінде акциялардың болжалды бағасы, биржаға шығарылатын акциялар саны немесе компанияның жалпы бағасы көрсетілмеген. Бұл деректер Anthropic инвесторлар мен банкирлер алдындағы таныстырылымнан кейін белгілі болады.
Компания 2036 жылдың сәуіріне дейін Amazon бұлттық қызметтеріне кем дегенде 110 миллиард доллар, 2029 жылға дейін SpaceX бұлттық қызметтеріне тағы 120 миллиард доллар, Google-мен бірлесіп құратын есептеу инфрақұрылымына 115 миллиард доллар және 2033 жылға дейін Microsoft-пен серіктестікке 45 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр.
Есепте 2026 жылдың 30 маусымында аяқталған үш айында кірістің былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1368%-ға өскені айтылған.
Серверлер мен чиптерді жалға алу құны осы кезеңде 300%-ға өсті.
Anthropic компаниясының 2026 жылдың алғашқы алты айындағы таза шығыны 80,7 миллиард долларды құрады. Ал 2025 жылы компанияның шығыны 42 миллиард доллар болған.
Anthropic компаниясы ағымдағы ақша ағыны мен сатылымы алдағы 12 айға жететінін күтіп отыр, сондықтан қосымша қаржыны күтілгеннен ертерек іздеуі керек.
Anthropic шығындары мен қарыз алу көрсеткіштері жақсы болғанмен, «болашақтағы кірісі жеткілікті болмауы мүмкін екенін» ескертті. Компанияның мәлімдеуінше, соңғы кезеңдерде кіріс айтарлықтай өскеніне қарамастан, оның жобалары көбірек капиталдық салуды қажет етеді.
Бұған дейін Anthropic басшысы жасанды интеллектінің басты қауіптерін атаған болатын.
ЖИ агенттеріне қатысты дау туындап, Anthropic және OpenAI басшылары Аустралия Сенатына шақырылды.