Антибиотикті орынсыз қолдану несімен қауіпті

АСТАНА. KAZINFORM – Антибиотиктерді негізсіз және шамадан тыс қолдану, оларды рецептсіз қабылдау және емдеу тәртібін сақтамау дәріге төзімділіктің күшеюіне әсер етеді. 

Германияда антибиотиктерді дұрыс қолданбаудан ондаған мың адам көз жұмды
Фото: @BILD_Russian

Бұл жөнінде ресми сауалымызға жолдаған жауабында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.

Комитет мәліметінше, 2019–2023 жылдары жүйелік антибиотиктерді тұтыну көлемі өскен.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының AWaRe жіктемесі бойынша WATCH тобының үлесі жоғары болып отыр. Бұл антибиотиктерді ұтымды пайдалануды одан әрі күшейтуді қажет етеді, – делінген ресми жауапта.

Антибиотикке төзімділікке кең спектрлі препараттарды артық пайдалану да әсер етеді.

Айта кетейік, рецептімен берілетін антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатуға заңмен тыйым салынған. Соңғы жылдары дәріханаларға бақылау күшейтіліп, заң бұзылған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылып келеді.

Балаларға антибиотик тағайындауға да ерекше мән беріледі. Осы бағытта педиатрлардың біліктілігін арттыру және дәріні тек қажет болған жағдайда тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Медициналық ұйымдарда антибиотик тағайындаудың негізділігі клиникалық хаттамалар, микробиологиялық зерттеулер, клиникалық фармакологтердің жұмысы, ішкі аудит және антимикробтық терапияны бақылау бағдарламалары арқылы қадағаланады.

– Қазір антибиотиктерге төзімділікті тежеуге арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Оның аясында зертханалық диагностиканы күшейту, антибиотиктерді ұтымды пайдалану, рецептісіз сатуға бақылауды арттыру, медициналық ұйымдарда антимикробтық терапияны басқару және «Бірыңғай денсаулық» тәсілін дамыту көзделген, – деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова антибиотиктерді орынсыз қолдануға болмайтынын айтқан еді.