Антикор Алматы облысының басшыларына неліктен конверт таратты - әкім жағдайды түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жіберген хаттар бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Антикор Алматы облысының басшыларына неліктен конверт таратты - әкім жағдайды түсіндірді

«Жалпы алғанда бақылаушы органдардың тексерулеріне келетін болсақ, ол жоспарланады және кейбірі іріктеуден өтіп, тіркеледі. Бұл жерде бүгін болған жағдайды келесі күнгі оқиғамен байланыстырудың мәні жоқ. Бақылаушы органдардың тексеру жүргізу туралы хабарламасының «Алтын орда» базары директоры орынбасарының ұсталуымен байланысы жоқ. Ұсталуға келсек, құқық қорғау органдары қамауға алды, менің түсінуімше, тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, облыс басшысы «Алтын орда» базарындағы жағдайға тоқталып өтті.

«Алтын орда» базарына келсек, тексеру нәтижесі көрсетеді. Тексеру өткен жылы басталып, Бас прокуратура бірқатар бұзушылықты анықталды. Үкімет деңгейінде кеңес өткізілді. Өйткені, «Алтын Орда» базарында тауарлар ірі көлемде және ондағы баға Алматыда ғана емес, Қазақстан бойынша қалыптасады. Осыған байланысты тексеру басталды. Олардың қатарында салық органдары, монополияға қарсы агенттік, көші-қон полициясы және басқа да бақылаушы органдар бар», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 7 маусым күні Антикордың Алматы облысының барлық деңгейдегі басшыларына конверт таратып жатқаны туралы хабарлаған едік.