«Антикор-айтыстың» жеңімпазы осы аптада анықталады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Антикор-айтыс» жобасының жеңімпаздары осы аптаның жексенбісінде анықталады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы Ырза Тұрсынзада онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтыскер ақындар онлайн жұпталып бірден, дайындықсыз шынайы әрі онлайн режимде суырып салма өнерін паш етеді. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – сайыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналады. 16 ақын сөз додасының алғашқы айналымынан өтіп те қойған.
«Қазақтың салт-санасына, болмысына жат дерт қадалды. Ол – жемқорлық дерті. Мақсат – жалғыз агенттіктің күшімен ғана тосқауыл болу емес, жемқорлықпен күресті ұлттық қозғалысқа айналдыру, әр қазақстандықтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. «Антикор-айтыс» жобасын бастап, қазір әлеуметтік желіде халықтың алғысын алып жатырмыз. «Үйде отырғанда рухымызды асқақтатып, еңсемізді көтерген ерекше шара болды» деп рахметін айтуда», - дейді Ырза Тұрсынзада.
Айтыс 9 сәуірде басталды. Қатысушылар бойынша жеребе тартылып, жұптар анықталды. 19 сәуірге дейін 1/8, 1/4 және 1/2 финалдары өтеді. Онлайн-айтыстың финалы биылғы 18 және 19 сәуірге жоспарланған.
Жеңімпаздар «Antiсor_shtab_kz» Telegram-арнасында онлайн-дауыс беру және мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анықталады.
Ал агенттіктің ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, Данияр Алдабергеннің айтуынша, жастар қазір жемқорлықпен күрес тақырыбында қоғамның проблемасын көтеріп жатыр.
«Төле би он үшінде төрелік айтқан, Қазыбек би он бесінде дау шешкен дегенді жиі естиміз. Ол кезде де дау шешетін басқа адамдар да болған шығар. Бірақ жастардың сол кезде ел ісіне араласып, айтқан пікірі сүйкімдірек болған. Мысалы үлкен ер азаматтың бойындағы жаман мінезін жасы кіші немесе баласымен жасты адам айтса онда ол ұялып, тыйылуға әрекет етеді. Сол секілді жемқорлық тақырыбын тектен-текке алған жоқпыз», - дейді ол.