Антикор: екі жылда 1,1 трлн теңгенің заңсыз активтері қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров соңғы екі жылда елімізге қанша теңгенің заңсыз активі қайтарылғанын айтты.

активтерді қайтару
Фото:pixabay.com

— Агенттік 2022 жылдан бастап мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 трлн 100 млрд теңгеден астам соманың мүліктік активтері мен қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті, оның 321,6 млрд теңгесі тікелей бюджетке өтелді. Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы үлестер мен акциялар, теміржол рельстері мен қорлар, соның ішінде шетелден алынған қаражат кіреді, — деді ресми.

Оның айтуынша, мемлекетке қайтарылған барлық активтер әлеуметтік мақсатта пайдалануға бағытталуда.

Биыл бірнеше нысан, соның ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын «Kaisar Tower» бизнес орталығы ғимараты Қазақ ұлттық әйелдер педагогикасы университетіне пайдалануға берілді.

Т.Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РМУ балансына құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат аударылды.

Елордада құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үй Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету басқармасы» КММ-ге берілді. Бұл білім беру жағдайын айтарлықтай жақсартып, шығармашылық бастамаларды дамытуға қолдау көрсетеді.

Сәнді мүліктердің бірі — Ақмола облысының Варап ауылындағы жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр резиденция 135 гектар жер учаскесімен бірге Астананың Білім басқармасына берілді, — деді Данияр Бигайдаров. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада пара алып, балабақша орнын саудаға салған шенеунік ұсталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар