Антикор төрағасының экс-орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Мақсат Қожабаев пен Закир Гуламовқа қатысты іс келіп түсті.
«Қылмыстық істегі айыптау актісіне сәйкес, 2021 жылдың 5 желтоқсаны мен 2022 жылдың 29 қаңтары аралығында сотталушы М.Қожабаев алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, лауазымды адам бола тұра өзінің қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырып, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көрсетілген әрекеттерді жасаған.
Сотталушы З. Гуламов 2021 жылдың 5 желтоқсаны мен 2022 жылдың 29 қаңтары аралығында алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, лауазымды адам бола тұра өзінің қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырып, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаға аса ірі мөлшерде пара беруге азғырып, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында және 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаған», - делінген мәліметте.
Айта кетейік, 2023 жылғы 9 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу аясында жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен құқық қорғау органдарының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған М.Қожабаевты ұстаған еді.