Антикордың араласуынан соң Іле ауданында үйге газ кіргізу бағасы айтарлықтай арзандады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Іле ауданы Қоянқұс ауылының тұрғындары үйлерді газға қосу құнының жоғары екенін бірнеше рет көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикордың араласуынан соң Іле ауданында үйге газ кіргізу бағасы айтарлықтай арзандады

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, ауданда газдандыруды «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалы жүзеге асырады. Компания елді мекенге дейін газдандыруды жүргізеді, ал ауылдардағы ішкі газ құбырларын осыған арнайы лицензиясы бар жеке компаниялар қосады.

Қоянқұс ауылында «Ер-кай» ЖШС компаниясы жұмыс жүргізеді. Әр үйге газ қосу тарифі олардың сметасы бойынша 1 млн теңгеге дейінгі соманы қамтиды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауданның жергілікті атқарушы органдарымен бірге Алматы облысының газ шаруашылығы өкілдерімен кездескеннен кейін мәселе оң шешімін тапты.

«Қоянқұс ауылында газдандыру бұрын жоспарланғаннан екі есе төмен бағамен - 425 мың теңгеден жүргізіледі. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына газды қосу бағасын бөліп төлеу мүмкіндігі берілді»,-делінген хабарламада.





Фото: infosmi.net