Антиквариат заттарын сататын дүкен иесін өлтіру фактісі бойынша қылмыстың беті ашылды- ІІМ
АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Таразда полиция қызметкерлері антиквариат заттарын сататын дүкен иесін өлтіру фактісі бойынша қылмысты ашты. Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
Жәбірленуші өткен жылдың 16 қазанында ірі көлемдегі ақшамен жоғалып кеткен болатын. «Жәбірленуші мерейтойлық күміс монеталарын сатып алмақшы болған. Бастапқы деректер бойынша ол қаржы мекемесіне барып, белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлесіп, сыртқа шығып кеткен күйі із-түссіз жоғалған. Ал оның көлігі банктің жанында қалған»,-деді департамент басшысы.
Қазан айының соңында облыстық ІІД-нің қызметкерлері басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осы кісі өлтіру қылмысын жасағаны үшін осы қаланың 2 тұрғынын ұстады. «Ал бірнеше күннен кейін олардың сыбайласы, Қарағандының 26 жастағы тұрғыны құрықталды»,-деді Қ. Жұманов.