Антонио Таяни Еуропарламент президенті болып сайланды
СТРАСБУРГ. ҚазАқпарат - Еуропалық халық партиясы фракциясының өкілі италиялық Антонио Таяни Еуропалық парламенттің (ЕП) президенті болып сайланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
Антонио Таянидің кандидатурасын парламентарийлер Страсбургте өткен ЕП сессиясының төртінші кезеңінде ғана басым дауыспен қолдады. Ол Еуропарламентті алдағы 2,5 жыл бойы басқаратын болады.
Айта кетейік, алда өткен дауыс берудің үш кезеңінде алты кандидаттың ешбірі қажетті дауысты жинай алмады. Осы себепті жеңімпаз төртінші кезең барысында анықталды, оған өзгелермен салыстырғанда анағұрлым көп дауыс жинаған екі депутат қана өтті.
Еуропарламент басшысының қызметі үшін ақтық додағы Таяниден бөлек, оның отандасы Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы фракциясының басшысы Джанни Пителла шыққан болатын.