Антониу Кошта Еуропа одағының басшыларын арнайы саммитке шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа кеңесінің төрағасы Антониу Кошта Еуропа одағына мүше 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларын 26-27 қарашада Брюссельде өтетін арнайы саммитке шақырды. Жиында 2028-2034 жылдарға арналған Одақтың ұзақ мерзімді бюджеті мен Украинаға көрсетілетін көмек мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.

Антониу Кошта Еуропа одағының басшыларын арнайы саммитке шақырды
Фото: Anadolu

Антониу Кошта шақыру хатында ұзақ мерзімді бюджет бойынша келісімге келетін уақыт жеткенін айтты. Сондай-ақ ол келіссөздерге арналған ортақ ұстанымын ұсынып, әріптестерін мәселені өзара келісім арқылы шешуге шақырды.

Оның айтуынша, Еуропа одағы бәсекеге қабілеттілігін, қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін нығайтып, әлемдегі рөлін арттырумен қатар, оған мүше елдердің жарналарын да орынды деңгейде сақтайтын теңгерімді шешім табуы керек. Еуропа кеңесінің төрағасы бұл мақсатқа одақтың өз кіріс көздерін тиімді үйлестіру арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Сондай-ақ кезектен тыс саммитте Еуропа орталық банкінің басшылық құрамын жаңарту мәселесі де қаралады.

Саммитке Еуропа орталық банкінің президенті Кристин Лагард пен Еуротоп басшысы Кириакос Пиерракакис қатысып, қазіргі экономикалық ахуалға талдау жасайды. Бұған қоса, Кристин Лагардтың 2019 жылғы қарашадан бергі басшылық қызметінің қорытындысы жеке қаралады.

Еуропа парламентінің төрағасымен пікір алмасқан соң, саммитке қатысушылар ұзақ мерзімді бюджет пен Украинаға қаржылай қолдау көрсету мәселелерін талқылайды. Әуелі Антониу Кошта өз ұсынысын ортаға салады. Одан кейін тараптар пікір білдіріп, екіжақты консультациялар өткізеді. Сондай-ақ Еуропа кеңесінің төрағасы жұмыстың алдын ала кестесін таныстырып, жиынды 27 қараша, жұма күні аяқтауды көздеп отыр.

Бүгін, 24 қарашада, Страсбургте Еуропа парламентінің пленарлық отырысы өтіп жатыр. Онда депутаттар бюджет мәселелерін де талқылайды. Атап айтқанда, сағат 13:00 шамасында Еуропа одағының 2027 жылға арналған бюджетінің келісілген мәтіні бойынша пікірталас өтеді. Бұл — 2021–2027 жылдарға арналған қолданыстағы көпжылдық қаржы жоспары аясындағы соңғы бюджет. Оған Еуропа комиссиясы мен Еуропа одағы кеңесіне төрағалық ететін Ирландия өкілдері қатысады.

Пікірталастан кейін құжат дауысқа салынып, сәрсенбі күні Еуропа парламентінің төрағасы Роберта Метсола оған қол қояды.

Бұған дейін Брюссельде Еуропа одағы мен Ұлыбританияның екінші саммиті өткені хабарланған болатын.