Әнұранның «киесі» директорды «ұрды»
АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Салтанатты жиын кезінде әнұранның орнына абайсызда эстрада жұлдызы Рики Мартиннің «livin La Vida Loca» атты әні ойналып кеткені үшін Қостанай облыстық Балалар спорт мектебінің директоры Николай Кирдан қызметінен қуылды,
деп хабарлайды serke.org ақпараттық-сараптамалық сайты.
Естеріңізде болса, Қостанайда өткен шаңғы спорты фестивалінің ашылу салтанатында кеткен осы бір болмашы қателікті іліп алып, ресейлік thisishorosho.ru деп аталатын видео-порталдың «Когда храпит колибри» хабарының жүргізушісі Стас Давыдов келемеждеп, біздің әнұранды «боқ» (дерьмо) деп атаған болатын. Осындай келекеге шыдай алмаса керек, Қостанай облысының басшылары «бұған кінәлі спорт мектебінің директоры» деген ұйғарым жасап, Николай Кирданды қызметінен алып тастапты. Шенеуніктердің бұл шешіміне мектеп ұжымы наразылық білдіріп, өре түрегелді. Олар Николай Кирданды қызметіне қайта қоюды талап етіп облыс әкіміне хат жазды.