АӨК өнімдерін қадағалайтын «егістіктен үстелге дейін» жүйесі іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев саладағы өнімдерді қадағалаудың жүйесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АӨК өнімдерін қадағалайтын «егістіктен үстелге дейін» жүйесі іске қосылады

«2019 жылы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық өнімін қамтитын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қадағалаудың «егістіктен үстелге дейін» жүйесі іске қосылатын болады», - деп тоқталды ол.

Осы орайда бірінші вице-министр ветеринариялық және фитосанитариялық зертханаларды, мал базарларын, қасапханаларды, қайта өңдеуші кәсіпорындарды, тұқым шаруашылығы субъектілерін, сауда, логистика желілерін есепке алу қадағаланатынын атап өтті.

«Қадағалау халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін болады, сондай-ақ жаңа және перспективалы экспорттық нарыққа шығуды қамтамасыз етеді», - деп түсіндірді А. Евниев.

Бұдан бөлек ол 2020 жылдан бастап саладағы электрондық сауданы толық форматта енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Ол үшін үлкен дайындық жұмысы қажет. Мәселен, ағымдағы жылы Агроөнеркәсіптік кешеннің логистикасы картасы әзірленетін болады. Онда жұмыс істеп тұрған және салу қажет терминалдар, сақтау орындары, қоймалар, сауда-тарату орталықтары айқындалады. Электрондық сауда тікелей сауда-саттық көлемін кем дегенде 20 пайызға ұлғайтуға және жосықсыз делдалдар буынын болдырмауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кооперативтер өз өнімдерін көтерме партиямен жедел шоғырландыра алады, жеткізілімдерді жүйелендіруді және оны ішкі және сыртқы нарыққа тиімді түрде жылжытуды қамтамасыз етеді», - деді Арман Евниев.