АӨК саласындағы мемлекеттік саясат ауылды дамыту мәселелерін шешуге көмектеседі – сарапшы пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтінің (ҚСЗИ) Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Алмас Арзықұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АӨК саласындағы мемлекеттік саясат ауылды дамыту мәселелерін шешуге көмектеседі – сарапшы пікірі

«Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауын жария ете отырып, елімізді жайлаған коронавирус індетіне қарсы күрескен дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осы жағдайға бей-жай қарамаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс білдірді. Дағдарыстан сабақ алып, қателіктерді ескере отырып, дамуға серпіліс алған елдер қатарында болу үшін реформалар жүйелі жүргізілуі керек. Нақты айтқанда, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды жүзеге асыруға жауапкершілікке деген көзқарасты өзгертуден бастау керек», - дейді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Коронавирус пандемиясы кезінде елдер арасындағы шекаралардың жабылуы, экономикалық алыс-берістің үзілуі еліміздің экспорттық тауарларға, әсіресе азық-түліке мұқтаждығын көрсетті. Осыған қатысты Президент ел тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзін-өзі қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының кірістерінің тұрақты өсуі, еңбек өнімділігінің 2,5 есе артуы, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру үшін келесі бес жылдыққа арналған АӨК дамытудың жаңа жобасын дайындауды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету әлемнің көптеген елдеріне тән. Алайда, оның әртүрлі формалары мен мақсаттары бар, мысалы, экономикасы жоғары дамыған мемлекеттер ұлттық азық-түлік тауарларының бәсекеге қабілеттілігін және ауылдарды дамытудың тұрақтылығын сақтауға тырысады. Яғни, келіп түскен гранттар, субсидиялар мен жеңілдіктер нарықтық өзін-өзі реттеу қажетті тиімділікті қамтамасыз ете алмайтын мәселелерді шешеді. Ал біз секілді өтпелі экономикасы бар елдерде ауыл шаруашылығына көзқарас басқаша. Мұнда өндірісті қайта құру және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз ету қарастырылады. Еліміздегі ауыл тұрғындарының саны – 7,5 млн, яғни жалпы халық санының 47% астамын қамтитынын ескеретін болсақ, бұл бір жағынан ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады», - дейді А. Арзықұлов.

Осы ретте АӨК дамытудың жаңа жобасында халықты ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу жаңа кешенді бағдарлама негізінде дамытуды, оның ішінде Қазақстанның әр аймағының өзіндік ерекшелігін ескеру қажет. Яғни астық дақылдары мен мал шаруашылығы бойынша солтүстік облыстар маманданса, оңтүстік облыстарда ауылшаруашылық дақылдарының алуан түрін (дәнді, майлы дақылдар, жеміс-жидек дақылдары, көкөністер, мақта) ескерген дұрыс. Бұл шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құруға және елдің экспорттық әлеуетін дамытуға да жағдай жасайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіру мен модернизациялаудың негізгі шараларын жаңғырту үшін мемлекеттік және жеке қаражаттарды тарту қажет. Инновацияларды енгізу яғни өндірістік қуатты арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету, өнімнің материалдық шығындарын біртіндеп үнемдеу кезең-кезеңімен жүргізілуі керек.

«Сондай-ақ, ауылшаруашылығын дамытудағы горизонтальді кооперация әлеуетін де естен шығармаған жөн. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыруда күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ауылшаруашылығындағы негізгі қиындықтардың бірі көлік инфрақұрылымын дамыту, яғни шаруашылыққа қажетті техникамен қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, еліміздегі шаруашылықтардың басым бөлігінде қажетті техниканы сатып алуға қаржылай мүмкіндік жоқ. Сондықтан, бұл жағдайдан шығудың жолы ретінде кооперативтер немесе машина-трактор станциялары үлгісіндегі арнайы мекемелер ұйымдастыруды қарастыруға болады. Сондықтан, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет», - деді А. Арзықұлов.

Сарапшы ауылды дамыту проблемаларын шешудің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясат тиімділігіне байланысты екенін жеткізді.

«Сондықтан, қазақстандық ауыл аймақтарының болашағы, әлеуметтік саясат стратегиясы және ауылдағы инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет», - дейді Алмас Арзықұлов.