АӨСШК аясында Азия елдерінің экологиялық кеңесі құрылуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – АӨСШК аясында Азия елдерінің экологиялық кеңесі құрылуы мүмкін. Бұл жайында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы біздің негізгі кітап – Сенім шаралары катологы ұлғайған болатын. Жаңа сатыға шығып, жаңа бағыттар ашылған болатын. Мысалы 2004 жылы бұл католог қабылданған кезде эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселесі қамтылмаған еді. Өйткені ол кезде бұл мәселенің осыншама көкейтесті болатынын ешкім білген жоқ. Ал пандемия басымызға келгеннен кейін мүше мемлекеттер пандемия салдарымен, өзімен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты керек екенін түсінді. Осылайша жаңа сенім шарасы шықты. Немесе 2004 жылғы интернеттің дамуы мен бүгінгі ақпараттық-публикациялық технологиялардың дамуы арасында едәуір айырмашылық бар. Бұл да - халықаралық ынтымақтастыққа зәру бір сала. Сондықтан оны да жаңа бағыт ретінде енгіздік», - деді ол орталық коммуникациялар қызмет өткен брифингіде.

Айтуынша, бұл жолғы саммиттің қорытындысы бойынша кеңестің Сенім шаралар каталогы бірнеше жаңа бағытпен толықпақ.

«Саммит кезінде өздеріңіз куә болдыңыздар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағытта бірсыпыра жаңа бастама көтерді. Өзара тұрақты байланыс кеңесін құрайық деді. Содан кейін 2024 жылы экологиялық конференция өткізуді ұсынды. Сол конференция қажет деп тапса, Азияның экологиялық кеңесі құрылады деген сөз. Мұның бәрі жаңа құрылымдардың пайда болуына ықпал етіп, ақыр аяғында кеңес жаңа деңгейге шығады деген сөз. Яғни, бұл - кеңестің мазмұндық жағынан және әкімшілік жағынан ұйым мәртебесіне ауысуы деген сөз», - деді АӨСШК бас хатшысы


Фото: ortcom.kz




Соңғы жаңалықтар