АӨСШК ЕҚЫҰ сияқты құрылымға айналуға жақсы әлеуеті бар - ҚР СІМ
trong>. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) Түркияның төрағалық етуі ұйымның жұмысына жаңа серпін беруі мүмкін. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан АӨСШК-не 17 жыл төрағалық етті. Осы уақыттың ішінде үлкен жұмыстар атқарды. Біріншіден, сенім шаралары деген каталог бойынша сенім шараларын іске асыру жүріп жатыр. Оның аясында - есірткіге қарсы күрес, экология, ақпараттық технология, туризм, бизнесті дамыту сияқты бірнеше салаларда әрбір мемлекет өзінің мойнына жауапкершілік алып, үйлестіруші жұмыс өткізіп, маңызды шаралар жасауда», дейді ҚР Сыртқы істер министрінің орныбасары Нұрлан Ермекбаев. Оның айтуынша, Қазақстанның АӨСШК-ін ЕҚЫҰ сияқты ұйымға айналдыру туралы ұзақ мерзімдік жоспары бар. Өйткені Азияда жалпы қауіпсіздік саласында ЕҚЫҰ сияқты құрылым жоқ. Сол себепті АӨСШК-нің осындай құрылымға айналуының жақсы әлеуеті бар. ЕҚЫҰ мен АӨСШК-не Қазақстанның бір кезде төрағалық етуі олардың озық тәжірибелерін бір-біріне пайдалануына жақсы мүмкіндік беріп отыр. Бұл АӨСШК қарқынды дамуына өз септігін тигізеді.
«АӨСШК-нің Ыстамбұлдағы Саммитінің декларациясы 2006 жылы Алматыда өткен Саммитегі декларацияның жалғасы болмақ. Онда Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік, қарулану, лаңкестікпен күрес, жаңа қауіп-қатерлермен күрес, ядролық қаруды таратпау мәселелері қамтылған болатын. Бұл басқосуда сондай-ақ, ұйымға жаңа 2 мемлекет мүшелікке қабылданбақшы. Әзірге олар туралы ақырғы шешім қабылданған жоқ», дейді Н. Ермекбаев.