АӨСШК саммитіне дайындық қалай жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер 12-13 қазанда Қазақстан астанасында өтетін саммиттің кең күн тәртібін мақұлдады. Бұл туралы АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АӨСШК саммитіне дайындық қалай жүріп жатыр

Қайрат Сарыбай АӨСШК 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шарада алдағы саммитке дайындық қалай жүріп жатыр деген сұраққа жауап берді.

«Саммитке дайындық өте белсенді жүріп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит мазмұнды болуы үшін және ұйымдастырушылық аспектілері ең жоғары деңгейде болуы үшін барлық мемлекеттік органдар мен хатшылыққа тиісті тапсырма берді. Хатшылыққа келсек, кеңеске мүше мемлекеттер алдағы саммиттің өте ауқымды күн тәртібін мақұлдағанын қуанышпен хабарлаймын. Бұл саммит белгілі бір дәрежеде тарихи оқиға болады деп ойлаймын. Болашаққа болжам жасамаймын, бірақ қандай да бір рекордтар орнатуымыз мүмкін», - деді Қ. Сарыбай тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, АӨСШК-нің басты міндеті – мүше мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту.

«АӨСШК өз инструментарийін жаңартуы тиіс деп санаймын. Бүгінгі таңда Сенім шараларының жаңартылған каталогі бар. Оны АӨСШК сыртқы істер министрлері өткен жылы жаңартты. Қазіргі жағдайды ескере отырып, айтарлықтай жаңа элементтер, инновациялар енгізілді», - деп атап өтті Қ. Сарыбай.

Еске салсақ, 7 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК Хатшылығының атқарушы директорын қабылдады. Мемлекет басшысына АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды.

Айта кетейік, АӨСШК VI саммиті 12-13 қазан күндері Қазақстан астанасында өтеді.