«АӨСШК төрағалығы Қазақ елінен Түркияға өтеді» республикалық қазақ басылымдарына шолу
АСТАНА. Тамыздың 20-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 20-ы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Әлемдік саясатта сырт көзге қолдан ұйымдастырғандай көрінетін сәйкестіктер жиі кездеседі. Қазақ елі 2009 жылы ЕҚЫҰ ұйымы үштігіне еніп, 2010 жылы еуропалық ұйымға төрағалық етсе, бауырлас Түркия 2010- 2012 жылдар арасында әлемдік қауымдастыққа азиялық одақ ретінде таныла бастаған Кеңеске төрағалық етпек» - деп жазды «Айқын» газеті осы күнгі нөмірінде басылған «АӨСШК төрағалығы Қазақ елінен Түркияға өтеді» деген мақаласында әлемдік саясатқа назар аударып. Бұл мақалада АӨСШК ұймының тіршілік тынысы туралы толық ақпарат берілген.
Тарих қатпарына терең үңілген «Айқын» басылымындағы келесі мақала «Жалаңаш көл оқиғасы қалай басталды?» деген тақырыппен берілген. Аты айтып тұрғандай, мақалада 1969 жылы 13 тамызда Жалаңашкөл маңындағы шайқас туралы нақты мәліметтер жазылған.
***
Қазақстандық жетекші партия мен Кореялық билеуші партия арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл туралы «Нұр Астана» апталығының «Ұлттық партиядан алар тағылым мол» атты мақаласынан оқи аласыздар.
«Нұр Астана» газетінің 4- бетінен орын алған «Жаңа одақ Теміртауда ту тікті» тақырыбындағы мақала Теміртауда өткен Қазақстан жұмысшы Жастар одағының құрылтай конференциясына назар аударған.
Баспана төңірегіндегі әңгімеге құлақ тоспайтын пенде жоқ, баспаналы болғысы келетіндердің назарына «Нұр Астана»апталығы «Баспаналы болудың байыпты жүйесі» деген тақырыппен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Астана қалалық филиалының директоры Айжан Медеуовамен болған сұхбатын жариялады.
***
«Қарабидайыққа» арнайы ат ізін салған Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов су жинағыштың көлемін 70 миллион текше метр су сыятындай етіп кеңейту жоспарланып отырғанын айтты», - деп жазды «Астана ақшамы» газетібүгінгі «Талдыкөл» тазартылып, «Қарабидайық» кеңейтіледі» деген мақалада. Онда Астананың қалдық суын бір жайлы ету төңірегіндегі мәселеге назар аударылған.
Қасиетті Рамазан айы келуіне байланысты «Астана ақшамы» газеті «Рамазан - рахым айы һәм пітір берудегі пәтуа» деген тақырыппен, барша мұсылман қауымға, рухани құндылық, ораза, имандылық туралы көлемді мақала жариялады.
«Әншейінде жеті ата-жеті ата» дегенде, ауыздыға - сөз, аяқтыға жол бермейміз. Бірақ әлемге мақтанатындай «жеті ата институтын» мұқият сақтап, көздің қарашығындай қадірлеп отырмыз ба?» - деген сұрақтар төңірегінде ой қозғаған аталмыш басылымдағы «Жеті ата және ала жылқы» атты мақала да қызықты ой өрбітеді.