Апат қаупі аса жоғары ауызсу объектілерінің тізімі жасалады - Үкімет отырысы
АСТАНА. ҚазАқпарат –Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында апат қаупі аса жоғары ауызсу объектілерінің тізімін жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Индустрия министрлігі Экология министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, 1 ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуі қажет.
Суды ұтымды пайдалану үшін Ұлттық экономика министрлігі Индустрия және Экология министрліктерімен бірлесіп, 1 ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бағытында нақты ұсыныстар енгізуі тиіс», - деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ ол тарифтен түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттау маңызды екенін атады.
«Экология министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауызсу жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуі керек», - деді Әлихан Смайылов.