13:31, 25 Сәуір 2013 | GMT +5
Апатқа ұшыраған МиГ-31 шығынын ресейлік зауыт өтейді - ҚР Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағандының түбінде апатқа ұшыраған МИГ-31Б ұшағының шығынын ресейлік зауыт өтейді.
Бүгін Астанада өткен баспасөз-мәслихатында ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сорокин осылай айтты.
Айта кетейік, өткен жылы желтоқсан айында МИГ-31Б ұшағы Ресейдің Ржевск қаласындағы «514-м» зауытында күрделі жөндеуден өткен болатын. Осыдан кейін зауыт аталған техниканың дұрыс жұмыс істеуіне екі жыл кепілдік берген.
«Ондайда барлық агрегаттарға пломба салынады. Біз ұшақтың ішкі құрылысына араласа алмаймыз. Сондықтан кепілдік берілген екі жылдың ішінде барлық кемшіліктерге зауыт жауап береді. Ол апатқа да жауапты. Сол себепті олар барлық шығынды өтеуге міндет», - деп атап көрсетті А.Сорокин.
Алайда Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы кепілдік соммасына қатысты нақты ақпарат бере алмады.