Атыраудағы апатты жағдайда тұрған психдиспансер жалға алуға ғимарат іздеп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы жаңа ғимарат іздеп жатыр. Қазір мекеме 87 жыл бұрын салынған ескі ғимаратта жұмыс істеп отыр. Ал орталыққа арналған жаңа ғимараттың жобасы мемлекеттік сараптамадан шыққан жоқ.
Орталықтың жаңа ғимаратқа мұқтаж екені бұған дейін де айтылған. Жаңа нысан салу туралы ұсыныс 2008 жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ осы уақытқа дейін бұл мәселе толық шешімін таппаған.
Енді орталық уақытша жаңа ғимаратты жалға алмақ. Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген жаңа нысанның аумағы кемінде 2100 шаршы метр болуы керек деп көрсетілген. Ғимаратта кемінде 50 кабинет пен 125 адамға арналған орын болуға тиіс.
Сонымен қатар ғимарат дайын күйде болуы керек, яғни оны жалға алғаннан кейін қосымша жөндеу жүргізудің қажеті болмауы тиіс. Нысанда су, жылу, жарық, кәріз жүйесі, желдету және басқа қажетті жағдайлар болуы қажет.
Қазіргі уақытта орталықта 110 науқас ем алып жатыр.
Ғимарат Атырау қаласында орналасуы керек. Оған қоғамдық көлікпен жету ыңғайлы болуы, жедел жәрдем көлігінің кіріп-шығуына мүмкіндік болуға тиіс. Сондай-ақ орталықтың ерекшелігіне байланысты нысан адам көп жиналатын жерлерден оқшау орналасуы қажет.
Жаңа ғимаратты жалға алуға 54,3 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жалдау мерзімі 2026 жылдың соңына дейін белгіленген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл шешімді ғимараттың апатты жағдайда болуымен байланыстырып отыр.
Бұған дейін орталыққа жаңа ғимарат салу үшін жер телімі де бөлінген. Алдымен жер Талқайраң ауылынан берілсе, кейін Алмалы ауылынан бөлінді. 180 орынға арналған жоба да әзірленген. Алайда жоба іске аспай қалды. Жобалық-сметалық құжаттама бірнеше рет өзгертілген. Бұған дейін денсаулық сақтау басқармасы жобалау жұмыстары аяқталғанын хабарлаған еді. Алайда құрылыс басқармасының соңғы мәліметіне сәйкес, жоба әлі мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ.
Бұған дейін Атырау облысында бір отбасынан екі адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына байланысты инфекциялық ауруханада ем алып жатқанын жазған едік.