Апатты жағдайдағы жылу орталықтарын жаңғыртудың жоспары бар – Роман Скляр

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр биылғы жылу беру маусымындағы жағдайға түсінік берді.

роман скляр
Фото: Kazinform

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тілшілер жылу беру маусымындағы кемшіліктердің жыл сайын қайталануына қатысты сұрақ қойды.

«Былтыр жазда «қызыл аймақта» орналасқан ең нашар деген жылу электр орталықтарына ерекше назар аудардық. Жылу желілерін қалпына келтіруге қатысты мәселелерді шұғыл тәртіпте қарастырдық. Жалпы, қазіргі жылу беру маусымының қалыпты режимде өтіп жатқанын айтқым келеді. Барлық энергия көздері, яғни проблемалы Екібастұз ЖЭО-сы мен Риддер ЖЭО-сы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ол жерде елеулі апат болмады. Жылу беру маусымы аяқталғанша осы жылу электр орталықтарында проблема болмайды деп үміттенемін. Мемлекет басшысы бұл жұмысты жалғастыру керек екенін және осы 19 жылу беру нысанындағы жағдайды дұрыстауды, жылу желілерін ретке келтіруді тапсырды», - деді Р. Скляр.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары проблемалы жылу беру жүйелері көп екенін мойындады.

«Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы жағдайдың себептері де айтылды. Бұл ретте, тарифте қандай да бір кіріс нормасының болмауы кері әсер етті. Тарифте монополистер үшін белгілі бір табыс нормасын қамту керек. Осы жұмысты Энергетика министрлігі мен Өнеркәсіп министрлігі бірлесіп атқарып жатыр. Алда көп жұмыс бар, босаңсуға болмайды. Әр қыс жылы немесе өте суық болуы мүмкін, бірақ қыс қатал болса, қателіктерімізді кешірмейді», - деді ол.

Сонымен қатар Р. Скляр әрбір станцияны жаңғыртудың жеке жоспары бар екенін нақтылады.

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана беретінін, мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмай жатқанын сынға алды. Үкімет, ең алдымен, биыл апатты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс.

 

Соңғы жаңалықтар