«Апатты су нысандары туралы мәлімет неге ала-құла?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 19 шілде, сейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Апатты су нысандары туралы мәлімет неге ала-құла?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Жер кіндігі - Байқоңыр. Күн сенбі. Сағат таңғы бесті соғып тұр. Алдымен бойы бәйтеректей болған темір құрсау бәйшешек секілді ашыла бастады. Қауызын жарған гүлдей жайылып шыға келді. Әлден уақытта жалындаған от көрінді. Сонан соң жер-дүниені сілкіндіріп гүрс еткен дауыс шық­ты. Табанымыздың асты дірілдеп кетті. Жоғарыға қо­йыл­ған радиоқабыл­дағыш­тан: «ҚазСат-2» ғарышқа ат­тан­­ды», деген дауыс шық­ты. Бұл уақытта сағат тілі таңғы 5.15-ті көрсетіп тұр еді»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қарышта, ғарышқа!» деген тақырыптағы мақаласында. Спутниктік-телевизиялық ақпарат таратуға арналған еліміздің екінші жасанды жер серігі жайында толық мағлұмат алғыңыз келсе басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша осыдан үш жыл бұрын Астанаға ауысып, одан кейін Алматыға қайта оралған халықаралық «Еуразия» кинофестивалі биыл жетінші рет 19-24 қыркүйек аралығында өтпек. Бұл фестивальға ұсынылатын фильмдер қазақ кинематографиясының соңғы жетістіктерін бейнелемек. Елімізде тек биылғы жылы 27 фильм түсі­ріл­ген болса, оның 12-сі осы бай­қауға жолдама алады деп күтілуде. Байқауға ұсынылған туындылар жайында басылымдағы «Еуразия-2011» кинофестивалі осы күрең күзде өтеді» деген тақырыптан біле аласыздар.

***

«Айқын» газетінің «Мінбер» айдарында техника ғылымдарының докторы Әділғазы Бектібаевпен арадағы сұхбат «Жер қойнауындағы пайдалы қазылымдарды игеруде ата-бабамыздың үлесі үлкен» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ғалым: «Қазіргі күнде еліміздің бірсыпыра кен орындары шетелдіктердің уақытша басқаруына берілді.Олар еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Тек жер қойнауындағы пайдалы қазылымдар халық мүддесіне сай қамқорлықпен қазылып алынып жатса, еліміз үшін үлкен пайда», - дейді.

«Қаражамбасмұнай» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік филиалы ұжымдарында мамыр айында басталған ереуілдер 2008 жылы Жаңаөзен қаласында өткен наразылық шараларының кезекті жалғасындай көрінеді. Өмір сүру деңгейі бойынша Қазақстанның ең жоғары облыстарының бірі саналатын аймақта өтіп жатқан бұл әлеуметтік наразылық көптеген сұрақтар туындатып отыр. Бұл жерде жалақы мен әлеуметтік жеңілдіктердің деңгейі өте жоғары екені баршаға мәлім. Сондықтан да ел тұрғындарының көпшілігі бір нәрсені түсінгісі келеді: мұнайшылар неге ереуілдеп жатыр? Өз басшыларымен қай нәрседе келісе алмай отыр? Ұзаққа созылған тәртіпсіздікке кәсіпорын әкімшілігі қалай қарайды? Міне осы сауалдарға «Айқын» газетіндегі «Наразылықтардың негізі тәртіп пен жауапкершіліктің жоқтығында» деген мақаладан жауап аласыз.

***

«Кеше Төтенше жағдайлар министрлігінде оқыс жағдайларды ескерту мен оның алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін арттыруға қатысты мәселелер талқыға түсті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Апатты су нысандары туралы мәлімет неге ала-құла?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Қазақстанның аумағында гидротехникалық нысандардың маңында әм ондай нысанның су басу қаупі жоғары болатын аймақтарында 1,5 миллионға тарта адам тұрып жатыр екен. Демек өңірде ғана емес, бүкіл әлемде айтарлықтай сезіліп жатқан климаттық өзгерістер төтеншенің министрлігіне қырағылықты айрықша талап ететіні анық.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бөрібай Жексембинмен арадағы сұхбат жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Үстіміздегі жылы көршілес жатқан екі ел өз Тәуелсіздіктерінің 20 жылдығын атап өтуге үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарына достықтары мәңгі жарасқан, Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен сыйластықтың жарқын үлгісін көрсететін елдер болсын деп тілеймін», - дейді. Екеуара әңгіме «Мен Қазақстан-Өзбекстан шекарасы достық пен ынтымақтастықтың дәлелі болып қалатынына сенемін» деген тақырыппен берілген.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кеше Республикалық бюджеттік комиссияның 23 отырысын өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, онда мемлекеттік органдардың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларына өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу бойынша жобалар, респуб­ликалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің 2012-2014 жылдарға арналған бюджеттік өтінімдері, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістерін қысқартуды немесе шығыс­тарын ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер сарап­тамасының нәтижесі бойынша материалдар қаралды.