«Апатты үйлер алаңдатады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Ертең елорда төрінде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы оның жұмысын ілгерілетуге жаңаша серпін берері сөзсіз. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті Ассамблея атқарған жұмыстар туралы айтып беру үшін Мәжіліс депутаты Роман Кимге жолығып, бірқатар сұрақтарға жауап алған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Қазақ жерінде қиындықты басынан кешкен әртүрлі ұлт өкілдерінің арадағы қалыптасқан өзіндік татулықтары бар. Қазақ халқы сырттан келгендерді қамқорлығына алып, қолдан келген жақсылықтарын жасады. Міне, мұның барлығы да осы ұлтқа деген сенімді арттырып, оның айналасына топтасуға мүмкіндік берді. Оның үстіне қазақтар қашанда төзімді, қонақжай және көреген халық», - дейді. Сұхбат «Міндетіміз - ортақ іске үлес қосу» деген тақырыппен берілген.
Оңтүстік Кореяның Пуентаэк қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионаты еліміз үшін жақсы жаңалықпен басталды. Чемпионат қарасаңында өткен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының конгресінде Қазақстан 2013 жылы ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл жағымды жаңалық «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Азия чемпионаты Астанада өтеді» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған. Басылымның атап өтуінше, сонымен қатар елімізге 2014 жылғы лицензиялық әлем чемпионатын өткізу құқығын да берілген. «Сөйтіп, 2013 жылы Астанада сары құрлықтың сайыпқырандары бас қосатын болса, 2014 жылы төрткүл дүниенің теңдессіздері Алаш топырағын бетке алады. Қос жарыстың да тартысты өтетініне еш күмәніміз жоқ», - деп жазады басылым.
***
Екі азиялық, бір еуропалық, бір африкалық мемлекет және тұтас Еуропалық одақ қазақ еліндегі дипломатиялық миссияларын жаңартты. Кеше Ақордада Қазақстан Көшбасшысы осы елдердің елшілерін қабылдады. Осы елеулі оқиға арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Елбасы елшілерді қабылдады» тақырыбымен берілген. Елбасы сенім грамоталарын ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігінің басшысынан, Грекция, ОАР, Корея, Қырғызстан елдерінің Елшілерінен қабылдады. «Қазақстан Көшбасшысы Қырғызстанды «сенімді одақтасымыз» деп атап, мемлекетіміздің осы «бауырлас халықты жан-жақты қолдауын жалғастыратындығын» мәлімдеді», -деп жазады басылым.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында әнші, жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевпен арадағы сұхбат «Музыкалық құндылықтарымызды алалауға қарсымын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген айтыскер ақын: «Тіліміз дамып келе жатыр дейміз. Бұрынғыға қарағанда шүкір ғой. Бірақ әлі өрісі тар. Жаңа 5 мыңдық теңге шығыпты. Бір жағы - орысша, бір жағы қазақша. «Пять тысяч» дегенді жазбаса да, бәрібір түсінеді ғой! Ресейдің құрамында қаншама автономиялық республика бар. Солардың қайсысы орыс тілін ақшаларына қосып отыр? Ақша керек адам өзі-ақ түсініп алады. Артық жалпақ шейшейліктен арылған жөн!», - дейді.
Осы басылымның жазуынша, соңғы кездері үйлену тойларында бір тізбекпен шеруге шығатын көліктер колоннасының жол ережелерін бұзатыны жөнінде тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түскен. Осыған орай Алматы қаласының жол полициясы үйлену тойы кортеждеріне талапты күшейтіп, қатаң жауапкершілікке тарту мәселесін қолға алып отыр. Екі күн ішінде Алматыда үйлену тойының 34 кортежі жауапкершілікке тартылып үлгерген. Мақала «Той кортеждеріне қатаң бақылау» деген тақырыппен берілген.
***
«Астанада әбден тозығы жетіп, қабырғасы әні-міне құлағалы тұрған үйлердің саны - 228. Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын мұндай үйлерде шамамен 3000 отбасы өмір сүруде», - деп жазады «Астана ақшамы» бейсенбілік санындағы «Апатты үйлер алаңдатады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым атап өтуінше, дәл қазіргі уақытта 2978 үй қайта қалпына келтіруде қажетсінеді. Өткен ғасырдың 40-60-шы жылдары қамыстан салынған 2,3,4 қабатты үйлер жөндеуге мүлдем келмейді. Ал халық арасында «хрущевка» және «ленинградтық» деп аталатын 5 қабатты үйлердің де пайдалану мерзімі 30-50 жылмен шектеледі.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті С.Нарышкинді Думаның спикері қызметіне тағайындалуымен құттықтап, екі елдің Парламенттері Қазақстан мен Ресейдің интеграциялық үдерістерінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Мамыр айында тарихи келісімге - Қазақстан мен Ресей арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы шартқа 20 жыл толады. Қазіргі кезде бұл құжаттың көптеген баптары жүзеге асырылды. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағытын, сондай-ақ әлемде қалыптасып отырған қазіргі заманғы шындықты ескере отырып, аталған Шартты жаңарту қажет. Жаңа интеграциялық үдерістер - Кеден одағының, Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы жаңа міндеттер мен мақсаттардың қойылуын талап етеді», - деді Н.Назарбаев.