Апатты жоюдан бас тартқан құтқару қызметтеріне жауапкершілік белгіленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біліктілік талаптарына сай келмейтін апаттық-құтқару қызметтерінің жауаптылығын белгілеу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жеке апаттық-құтқару қызметтерінің көпшілігінде ықтимал апаттарды жою үшін қажетті жабдықтары мен білікті персоналы жоқ. 2017 жылғы мамырда Атырау облысында «Атырау мұнай» ЖШС-ның Дараймола кен орнында соңы өртке ұласқан газдың таралуы болды. Қауіпті нысан иесінің «АБТ-тест» ЖШС жеке апаттық-құтқару қызметімен профилактикалық жұмыстарға келісімшарты болған, бірақ ол апатты жоюдан бас тартты. Апат РМК («Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» РМК) араласқаннан кейін ғана жойылды. Осыған байланысты тиісті біліктілік талаптарына және жарақтандыру нормаларына сай келмейтін апаттық-құтқару қызметтерінің жауаптылығын белгілеу, сондай-ақ осы қызмет түрін көрсететін нарықты реттеу мәселесін қарастыру ұсынылады», - дейді Жеңіс Қасымбек.
Бұл ретте министр көпшілік жағдайларда қауіпті өндірістік нысандардағы апаттарды жоюды «Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі» РМК жүзеге асыратынын еске салып өтті. РМК-ның Қазақстанның барлық өңірлерінде орналастырылған бөлімшелерінде 2200-ден аса жоғары білікті кәсіби құтқарушылары, 600 бірлік арнайы техникасы, 6700 бірлік арнайы мақсаттағы жабдықтары бар. РМК-дан басқа, Қазақстан Республикасында жекеменшік 40 апаттық-құтқару қызметі бар.
Ведомство басшысының атап өтуінше, заманауи нормаларға және халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру ескерілген. Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының Тұжырымдамасын әзірлеуде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 10 айда республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 11 апат орын алды, соның салдарынан 12 адам зардап шегіп, 4-еуі қаза болды.