«Апаттың артында ақша тұр» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 5 сәуiр, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Ақордада Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Сьерра-Леоне, Мальта, Португалия, Хорватия, Кипр және Чад Республикаларының елшілерінен Сенім грамоталарын қабылдады. Екіжақты кездесулер барысында мемлекетаралық қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Әріптестікке қашықтық кедергі келтірмейді» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Елшілер алдында сөз алған Әділбек Жақсыбеков жаһандану жағдайында саяси-экономикалық, сауда, ғылым, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастықты дамыту мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне сай келетінін жеткізді. Сондықтан, тараптар кең ауқымды мәселелер бойынша өзара байланыстарды кеңейтуге айрықша мүдделі екендіктерін атап өтіп, сан түрлі бағыттар бойынша ықпалдастықты жандандыру жайын талқыға салды. Мәселен, олардың қатарында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, өзара инвестиция және сауда, энергияның балама көздері мен агроөнеркәсіп кешені, білім және ғылым, туризм және басқа да перспективалы салалар бар.
Мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтың «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жетеді» деген тақырыптағы мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында басылды. Халық қалаулысының жазуынша, Президенттің еңбек туралы пайымдары үлкен-кішінің бәрінің діттеген ойынан шыққан мәселе. «Мен не бітірдім, не істедім?» деп кәдімгідей алаңдаған егде кісілердің дегбірсізденген күйін көргенде, ерекше толқынысқа түсесің. Олар қиындықты да, жоқшылық пен жалқаулықты да бәр-бәрін тек еңбек майданы жеңерін тілге тиек еткенде, ата-бабаларымыздың кейінгі өсиет етіп қалдырған адал тірлік хақындағы асыл мұралары сананы тағы да отты сәулемен толтырады. «Қай қалаға барсаң да құрылыста, басқа да ауыр салаларда еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерін - өзбектерді, қырғыздарды, т.б. көресің. Көресің де, іштей тәубе дейсің. Қазақтың осылай бөтен елде бір үзім нан үшін сенделгенін көрген жоқпыз. Демек, өзгелер Қазақстанға құмартқанға қарағанда, мұндағы тіршілік олар үшін жұмаққа бара-бар болғандықтан-ау деп ойлайсың. Әлгі жұмыс іздеп келгендердің арасында жасы да, жасамысы да жүреді. Қарты босқан жұртқа қарап, кең-байтақ Қазақ елінің бүгінгі марқайған келбетіне, халқын тығырықтан алып шыққан Елбасы барлығына мың мәрте шүкіршілік етесің», - дейді автор.
***
«Көкпектіде үлкен апат болды. Бүкіл бір ауыл тағы да суға қарқ болды. Шүкір дейтініміз, Қызылағаштағыдай емес, бұл жолы болатын апатты алдын ала болжап, ескерткендіктен, халық аман қалды. Ал басқа жағына назар аударсақ, онда шығынымыз Қызылағаштағыдан кем болған жоқ», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Апаттың артында ақша тұр» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланым авторы «Апат айтып келмейтіндігін» айта келе апатпен күресушілер бар да, апаттың алдын алушылар жоқ болғаны ма деген сауалды алқа шығарады. «Біздің пайымдауымызша, Божконың министрлігі апаттың алдын алуды емес, апаттың зардабын жоюды әдетке айналдырғандай. Ендеше, халықтың бар шығынын Божко министрлігіндегі жауапты тұлғалар есебінен халыққа өндіріп беру керек. Мемлекет бюджетінен ақша шығындаудың бұл арада қажеті жоқ. Олай дейтін себебіміз «апат болады» деп ескерткен тұлғалар ауыл тұрғындарын апаттан құтқаратын күш көлікпен көмектеспегенін айтып, көкпектіліктер зар еңіреп отыр. Сонда апаттан құтқарушылардың бұл амалын немен түсіндіруге болады», - дейді автор.
Осы басылымда Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Омаровпен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым сауалдарына тұщымды жауап берген Елшінің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасында Ауғанстан бойынша тығыз ынтымақтастық бар. Қазақ жағы Ауғанстандағы америкалық әскерлерге әскери мақсаттағы емес жүктерді жеткізуде айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Мысалға, өткен жылдан бастап, бүгінге дейін Қазақ жері арқылы 8300-ден аса жүк тиелген контейнер Ауғанстанға тасымалданды. Сонымен қатар ол Қазақ елінің «Атом жобасы» ғаламдық ядролық қарусыздандыру үдерісіне қандай серпілістер алып келгендігін де тарқата айтып берген. «Баршаға мәлім, Атом жобасы ғаламдық ядролық қарусыздану үрдісіне қосымша серпіліс беру үшін, атап айтқанда Жалпыға ортақ ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуін қамтамасыз ету мақсатында Елбасының бастамасымен 2012 жылы іске қосылды. Қазіргі уақытта келісімге 183 мемлекет қол қойып, 161 мемлекет оны ратификациядан өткізген, алайда оның күшіне енуі үшін Үндістан, Пәкстан және Корея Халықтық Демократиялық Республикасы тарапынан қол қойылуы мен ратификациялануы және Мысыр, Израиль, Иран, ҚХР және АҚШ-тың ратификациядан өткізуі қажет. Қазақстанға Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты ауыстыру, ХАЭА Халықаралық ядролық отын банкін құру, Орталық референц-лабораторияны салу осы саладағы «бұзып-жарар шаралар» қатарына енбек», - деді ол.
***
«Алматының әскери комиссары Бауыржан Лекеровке қарсы билікті асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп жазады «Время» газеті «Мы рассказали - следствие покажет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл ақпаратты еліміздің Ішкі істер министрлігі де ресми қуаттап отыр. Қазақстанның Бас әскери прокуратурасының тергеу алды тексеру нәтижелеріне сәйкес Б.Лекеровтің үстінен ҚР ҚК 380 бабының 2 бөлімі бойынша іс қозғалып отыр.
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, елімізде бензин бағасы көтеріліп келе жатыр. Бұл жайында кеше Қазақстанның жанармай қауымдастығы мәлімдеп, жанармайдың көтерме сатушылары бағаны көтергендігін хабарлады. Айта кетерлігі, еліміздің Мұнай жәна газ министрі Ұзақбай Қарабалин бір апта бұрын жылдың ортасына дейін бензин бағасының өзгермейтіндігін айтқан еді.
«Жанар-жағармай бағасының тұрақты болатындығы турасында мәлімдеме жасалғанымен, қазірдің өзінде көтерме баға өсіп келеді. Егерде АИ-92 бұған дейін тоннасы 108 мың теңге болса, қазір 115 мың теңге, кейбір жеткізушілерде 110 мыңнан 120 мың теңге дейін өсіп кетті», - дейді Қазақстанның жанармай қауымдастығы басшысы Болат Ауетаев.