Апелляция соты Атырау тұрғынының жазықсыз жұмыстан шығарылғанын растады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Сот атыраулықтың жұмысқа қайта орналастыру, бос жүрген күндеріне жалақы өндіріп беру туралы апелляциялық талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жұмысқа қайта орналастыру туралы бірінші саты сотының шешімін өзгертті.
Талап қоюшы Ж.Н. сотқа талап арызбен жүгініп, жауапкер жұмыс беруші ЖШС-нің еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды, өзін бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы мен моральдық залал өтемақысын өндіруді сұраған.
Іс бойынша анықталғандай, тараптар арасында еңбек шарты жасақталып, соған сәйкес талап қоюшы бұрғылаушының көмекшісі ретінде жұмысқа қабылданған.
Кейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағының 4-тармақшасы және 52-бабының 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, жұмыскердің бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмауына байланысты жұмыс берушімен Ж.Н. арасындағы еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарылған.
«Талап қоюшы 2022 жылғы 10 қазанда жұмыс орнынан тыс жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған, бұл жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға негіз болғаны анықталған. Атырау қалалық сотының шешімімен талап қоюшы Ж.Н-ның ЖШС-не жұмыс берушінің бұйрығын заңсыз деп тану, өзін бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы мен моральдық залал өтемақысын өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартылған» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Апелляцияда іс жұмыс берушінің бірінші сатыдағы сотттың шешімінің күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыруды сұраған шағымы бойынша қаралды.
«Апелляциялық саты істің материалдарын зерделеп, талап қоюшының дәлелді себептермен жұмыста болмау фактісі істі апелляцияда қарау барысында зерттелген дәлелдермен расталады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, 2022 жылғы 10 қазанда жұмыста болмауы басшылықпен толық келісілген. Сонымен қатар, іс материалдарында кәсіподақтың дәлелді пікірі болмаған. Сот алқасының шешімімен сот шешімін өзгертіп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жойып, талап қоюшыны бұрынғы лауазымына қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы, моральдық залал мен сот шығындарын өндірді. Талап қоюшының апелляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылды» деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.