Апелляциялық сот Қ.Сәдуовке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының апелляциялық сот коллегиясы өз әйелін өртеп жіберген ер адамның ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлады елордалық соттың баспасөз қызметінен.

Апелляциялық сот Қ.Сәдуовке қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Еске сала кетейік, 2015 жылы мамырда Қанат Сәдуов № 25 орта мектеп жанында бұрынғы әйелі Светлана Сәдуованың үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Алынған жарақаттар салдарынан жапа шегуші ауруханада қаза тапты.

2015 жылы 28 қазанда Астана қаласы Қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қанат Сәдуов ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағында (аса қатігездікпен кісі өлтіру) көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылды. Оған 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол жазасын қатаң режімдегі түзету колониясында өтейді.

2015 жылы 8 желтоқсанда Астана қаласының Қылмыстық іс жөніндегі апелляциялық коллегиясы аталған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкім заңды күшіне енді.