Апелляция соты 35 млн теңге пара алған Олжас Ағабековтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

ағабеков
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Апелляция алқасы Халықаралық жасыл технологиялар орталығы басқарма төрағасы Олжас Ағабековке шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Олжас Ағабековты ірі мөлшерде пара алу (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы), аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану (ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) бойынша кінәлі деп таныды. 

Осы жылдың тамызында О. Ағабеков мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, түпкілікті 9 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ағабеков ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы лауазымын атқара отырып 2023 жылдың 6 сәуірі мен 11 желтоқсаны аралығында өзіне, сондай-ақ басқарма орынбасарына, ішкі аудит қызметінің басшысына және корпоративтік хатшыға 2022 жылдың нәтижесі бойынша ірі мөлшерде 8 220 166 теңге сыйақы төлеген.

2023 жылдың 30 қарашасы мен 4 желтоқсаны аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өткен климаттық жағдай бойынша тараптардың 28 конференциясында Орталық Азия елдерінің павильонын ұйымдастырып, демеушілік көмектен түскен 329 млн теңгенің 121 млн теңгесін алаяқтық жолмен иеленіп алған.

2024 жылдың 1 ақпанында ол құны 1 млрд теңгеден асатын 708 мың тонна көлеміндегі ЖШС-нің бірінің офсеттік бірліктерін басқа ЖШС-ға сатуға ықпал еткені үшін Астана қаласында С-дан 35 млн теңге пара алған.

Сотталғанның кінәсі жәбірленушілердің өкілдері мен куәлердің айғақтарымен, тексеру актілерімен, жүргізілген тінту нәтижелерімен, телефондардан мәліметтерді алу хаттамаларымен, бейнежазбалармен, мамандардың қорытындыларымен, сараптама актісімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

Үкіммен келіспей сотталған мен қорғаушысы апелляциялық шағым беріп, ақтауды сұрады.

Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 25 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар
telegram