Apple голографиялық экраны бар iPhone әзірлеуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Apple корпорациясы голографиялық дисплейі бар iPhone моделін әзірлеумен айналысуы мүмкін. Бұл құрылғы жеткізу тізбегінде Spatial iPhone атауымен аталып жүр, деп хабарлайды MacRumors инсайдер Schrödinger-ге сілтеме жасап.
Инсайдердің мәліметінше, жобаға қатысы бар дереккөздер бұл жобамен таныс. Мұндай құрылғы үшін MH1 немесе H1 кодтық атауларымен жаңа дисплей әзірленіп жатыр.
Экран көз қозғалысын қадағалау технологиясын жарықты дифракциялық басқару жүйесімен біріктіруі тиіс. Бұл кескінді қажетті бұрышқа бағыттап, арнайы көзілдіріксіз-ақ көлемді бейне әсерін жасауға мүмкіндік береді.
Дереккөздің айтуынша, AMOLED панеліне енгізілетін голографиялық қабат наноқұрылымға негізделеді, соның арқасында объектілер экран бетінің үстінде «қалықтап тұрғандай» көрінеді. Сондай-ақ смартфонды еңкейткен кезде көру бұрышын өзгертіп, нысандарды әр қырынан қарауға мүмкіндік беретін арнайы алгоритм қарастырылған.
Apple дисплейі стандартты екі өлшемді режимде толық 4K ажыратымдылықты сақтайды, ал голографиялық қабат тек белгілі контентте іске қосылады. Бұл технология Zero Clarity Loss деп аталады, себебі ол бұрынғы 3D-дисплейлерде кездесетін сапа жоғалу мәселесін жояды деп болжануда.
Schrödinger жобаның әзірге бастапқы зерттеу кезеңінде екенін және голографиялық смартфондардың жаппай шығуы 2030 жылдан ерте болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай технологияға тек Samsung ғана емес, басқа да компаниялар қызығушылық танытып отырғаны және Spatial iPhone туралы қауесеттер компонент жеткізушілер арасында талқыланып жатқаны айтылған.
Бұған дейін Apple корпорациясы iPhone смартфондарын кемінде алдағы 50 жыл бойы өндіретінін жаздық.