Apple қауіпті химиялық заттарды пайдаланған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Apple компаниясы өз өнімдерін жинауда екі қауіпті химиялық затты пайдаланудан бас тартқанын мәлімдеді, деп жазады РИА Новости. Мәселе бензол мен н-гексан заттары туралы болып отыр.
Осы жылдың наурызында China Labor Watch пен Green America құқық қорғаушы ұйымдарының белсенділері петиция түрінде қол жинады. Онда америкалық компания басшылығын өз фабрикаларында өнімдерін жинауда қауіпті химиялық заттарды пайдалануды тоқтатуға шақырды. Құқық қорғаушылар бензолдың лейкемияны қоздыратынын, ал н-гексанның жүйке жасушаларына зақым келтіретінін мәлімдеді.
Құқық қорғаушылардың жасаған үндеуіне жауап ретінде Apple басшылығы соңғы бес ай бойы өздерінің 22 фабрикасында тексеріс жүргізді. 500 мыңға жуық қызметкері бар фабрикада химиялық заттардың жұмыскерлердің денсаулығына әсер етпейтіні анықталды.
Алайда бүгін Apple бұдан былай бензол мен гексанның компания өнімдерін жинауда пайдаланылмайтынын мәлімдеді.