Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға шұғыл көшіріп жатыр

Америкалық Apple компаниясы Қытайдағы өндірісін Үндістанға көшіру үдерісін айтарлықтай жеделдетті. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады. 

Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға шұғыл көшіріп жатыр
Фото: Euronews

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылдың наурызына дейін Үндістанда 22 миллиард доллардың iPhone смартфондары құрастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға көп.

Apple қазіргі таңда iPhone құрылғыларының 20%-ын (әрбір бесінші телефон) Үндістанда шығарады. Бұл көрсеткіштер iPhone өндірушісінің жеткізушілерімен бірге Қытайдан Үндістанға жүйелі көшу үрдісін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Мұндай бағыт пандемия кезінде Қытайдағы қатаң шектеулерге байланысты туындаған өндірістік үзілістен кейін басталған.

Қазіргі уақытта Үндістанда өндірілетін iPhone-дардың көпшілігі елдің оңтүстігінде орналасқан Foxconn зауытында құрастырылады.

Apple компаниясы бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Үндістанның технология министрі өткен аптада (8 сәуір) мәлімдегендей, ел 2025 жылдың наурызына дейін 1,5 триллион рупийге тең iPhone экспорттаған. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың ақпанда жариялаған «теңестірілген кеден салығы» бастамасынан кейін, Үндістаннан АҚШ-қа iPhone жеткізілімі айтарлықтай жылдамдаған.

11 сәуірде Трамп әкімшілігі смартфондар мен компьютерлерді қоса алғанда бірқатар электроника өнімдерін кедендік баж салығынан босату туралы шешім қабылдады. Бұл Apple мен NVIDIA сияқты компаниялар үшін оң жаңалық болды. Алайда бұл шешім Қытайға бағытталған негізгі тарифтерге әсер етпейді — Қытайға салынған жиынтық баж салығы қазіргі таңда 145%-ға жеткен.

Соның нәтижесінде, қазіргі кезде Үндістанда өндірілген iPhone құрылғыларына АҚШ-та ешқандай қосымша салық салынбайды. Ал Қытайдан экспортталатын өнімдерге салынатын жоғары тарифтер Apple секілді компанияларды өндірістік тізбекті балама нарықтарға көшіруге итермелеуі мүмкін.

Бұған дейін Apple компаниясы Индонезияда iPhone 16 смартфондарын сатуға қайта рұқсат алғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар