«Apple» контрафактілік өнімдеріне қарсы күрес күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы 8 қарашада Әділет вице-министрі Б. Жақселекованың «Apple» Europe Ltd компаниясының өкілі Х. Смит ханыммен кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың және контрафактілік өнімдермен күрестің өзекті мәселелерін талқылау болды.
Ботагөз Жақселекова Әділет министрлігінің осы саладағы кешенді жұмысы, оның ішінде нарықтарды тұрақты тексеру және құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру бойынша Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) бірлескен жобаны іске асыру туралы айтып берді.
Вице-министр сонымен қатар тұтынушылар үшін ақпараттық науқандар жүргізудің және «Apple» компаниясы өнімдерінің түпнұсқалығын тексерудің тиімді құралдарын жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Африка елдеріндегі «Apple» компаниясының кеден органдарымен өзара іс-қимылы жөніндегі бағыттың басшысы Х. Смит ханым әділет органдарының контрафактіге қарсы күрестегі күш-жігерін жоғары бағалады. Ол аумақтық әділет органдарының қызметкерлеріне айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген мақсатты жұмыстары үшін алғысын білдіріп, мұндай шаралар құқық иелері мен тұтынушылардың мүдделерін қорғауға ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, Х. Смит ханым контрафактіні цифрлық ортада, атап айтқанда электрондық сауда алаңдарында тарату сияқты кейбір өзекті мәселелерді атап өтті. Ол осы салада бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтіп, «Apple» компаниясының басқа елдерде жинақтаған оң тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты.
Әділет министрлігі мен «Apple» компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында құқық тәртібін нығайту және құқық иеленушілердің мүдделерін қорғау шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті.
Бұған дейін Әділет министрлігі ел аумағында Цифрлық сот орындаушыны іске қосқаны хабарланды.