Apple өз өнімдерінің бағасы өскенін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – Apple компаниясы бас директоры қызметінен кететін Тим Кук жад чиптерінің құнының күрт өсуіне байланысты өнімдер бағасын көтеру жоспарын жариялады.

Apple
Фото: ТАСС

Технологиялық алыптың бас директоры The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында бағаның өсуі «сөзсіз» екенін, себебі жад чиптеріне қатысты жағдай «тұрақсыз» болып қалғанын мәлімдеді.

- Біз бағаның күрт өсуінің әсерін азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, тұтынушыларымызды олардан қорғауға тырысып жатырмыз. Бірақ жағдай тұрақсыз болып қалды, - деді ол.

Бағаның өсу мерзімін немесе қандай құрылғыларға әсер ететінін нақтылаған жоқ. Сондай-ақ бағаның өсуі қыркүйек айында шығарылады деп болжанып отырған iPhone 18-ге әсер ете ме, жоқ па, белгісіз.

Жасанды интеллект индустриясының қарқынды өсуі смартфондар мен басқа да тұтынушылық электроникада қолданылатын жад чиптерінің тапшылығына әкелді.

ЖИ-орталықтарының кеңеюі шектеулі жеткізілімдер үшін бәсекелестікті күшейтіп, құрамдастар құнының күрт өсуіне әкелді. 2025 жылдың соңынан бастап баға тоқсан сайын кем дегенде 50% өсіп келеді.

Қыркүйек айында 15 жыл басқарғаннан кейін орнын Джон Тернус алмастыратын Apple компаниясының бас директоры Тим Кук технологиялық электроника индустриясындағы бүкіл мансабында бағаның мұндай өсуін ешқашан көрмегенін мәлімдеді.

Apple компаниясына келмес бұрын ол IBM және Compaq-та жұмыс істеген. Кук қазіргі жағдайды «ғасырда бір рет болатын су тасқынымен» салыстырды.

Куктың пікірі басқа технологиялық алыптар чип өндірісіндегі мәселелерді атап өткеннен кейін айтылды.

Осы айда BBC-ге берген эксклюзивті сұхбатында Apple, Nvidia және AMD сияқты компаниялар әзірлеген ең озық чиптерді шығаратын Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) инфляция шығындарды арттырғандықтан бағаның өсуін жоққа шығармады.

Осы жылдың басында Samsung компаниясы жад микросземаларының жетіспеушілігі электронды құрылғылар бағасының өсуіне әкеледі деп күтетінін мәлімдеді.

ЖИ-ге деген сұраныстың артуымен қатар, Ирандағы соғыс жартылай өткізгіштер өндірісі үшін маңызды газ болып табылатын гелийдің әлемдік жеткізілімін де үзді, бұл компьютерлік чиптердің құнының өсуіне әкелді.

iPhone 17 өткен қыркүйекте шыққаннан бері танымал болып келеді. Apple құрылғысының сатылымы 2026 жылдың алғашқы үш айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсті, бұл Қытайдағы сұраныстың жоғары болуына байланысты болды.

Осы жылдың басында компания өзінің Mac Mini шағын компьютерлерінің бағасын шамамен 200 долларға көтерді.

Осыған дейін Apple жасанды интеллект функциялары бар жаңартылған Siri нұсқасын таныстырғанын жаздық.