Apple пен Adidas Қазақстандағы құқықтарының бұзылғандығын айтты
Р. Кәкітайдың айтуынша, өткен жылы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бойынша көп жұмыс атқарылған.
«Құқық иелерімен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. 2017 жылы әділет департаментіне ИКЕА, FARY, NADLOC, СтарЛайн, Beats, Apple, Adidas және Reebok секілді тауар белгілері мен атауларының құқығы бұзылған фактілер туралы шағымдар келді», - дейді ол.
Департамент басшысы аталған фактілердің барлығы бойынша тексерістер жүргізіліп, 11 әкімшілік іс қозғалғанын, жалпы 265 мың теңгенің өнімі тәркіленгенін жеткізді.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес, 11 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға салынған айыппұлдардың жалпы мөлшері 971 мың теңгеден асады», - дейді ол.
Өңірде «Алиментті төлеуден жалтаруға қарсы 30 қадам» жобасы іске асырылуда. Былтыр департамент қызметкерлері алимент төлеу бойынша қарызы бар 134 тұлғаның жүргізуші куәлігін алып, заң алдындағы міндеттерін орындауын талап етті.
«ҚР ҚК 139-бабымен 240 борышкерге қатысты істі қарау және процестік шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жіберілді. Соның ішінде 2 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды», - дейді Руслан Кәкітай.