Apple Watch сағаты ел күткендей қызықты болмай шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше көптен күткен Apple өнімінің әлемдік тұсаукесері өтті. Алайда Apple Watch қолсағатын армандап жүргендердің қарасы әлдеқайда аз болып шықты, деп жазады khabar.kz.
Apple компаниясының кезекті өнімі әлемнің 6 эксклюзивті дүкендерінде ғана сатылымға шықпақ. Олар Лондон, Париж, Берлин, Милан, Токио және Лос-Анджелесте орналасқан.
Apple Watch - аты әлемге мәшһүр компанияның негізін қалаушы Стив Джобстың қазасынан кейін жаһандық нарыққа шығарылған алғашқы жаңа құрылғы. Сағат туралы сыншылардың пікірі сан түрлі. Олардың біразы қолсағаттың заманауилығын мойындаса, енді бірі өз бағасын ақтайтынына сенімді емес.
Sport аталатын ең арзан үлгісінің бағасы - 299 фунт. Ал алтынмен апталған ең қымбатына қол жеткізгіңіз келсе, қалтаңыздағы қаражат 13 мың фунттен кем болмағаны абзал. Ел аузындағы құрылғының ерекшелігі - телефонға келіп түскен қоңырау, хабарландыру немесе электронды поштадағы өзгерістер туралы өз иісіне хабар беріп тұруында. Сонымен қатар сағат iPhone смартфонымен жұптасқан күйде ғана жұмыс жасайды. Қуат күшінің қауқары тек бір күнге ғана жеткілікті. Сондай-ақ сағат иелерінің бір-бірімен сурет алмаса алатын артықшылығы тағы бар.
Apple компаниясы тауардың жеткізілімі туралы мәліметті әзірге жарияламай отыр. Ал сағаттың алғашқы қолданушылары жаңа құрылғы мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне көз жеткізе түсуде.