Апта ішінде 3448 қылмыс тіркеліп, оның 2042-сі ізі суымай ашылды

АСТАНА. 16 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Апта ішінде 3448 қылмыс тіркеліп, оның 2042-сі ізі суымай ашылды. Бұл туралы бүгін апталық брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Апта ішінде 3448 қылмыс тіркеліп, оның 2042-сі ізі суымай ашылды

«Апта ішінде 3448 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» 2042 қылмыс ашылды. Бұрын жасалған 581 қылмыс, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 19 қылмыс ашылды. Іздеу жарияланған 88 қылмыскер іздестіріліп, табылды. 5 қару алынды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 42 қылмыс анықталды, оның ішінде 18 сату фактісі. 8,5 келіден аса есірткі заты алынды», - деді ол.

Мәселен, Қостанай қаласының полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары кезінде такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасап, автомашинаны иеленіп кеткен қаладағы техникалық лицейдің бірінші курс студентін «ізін суытпай» қолға түсірген. Ұсталған студенттің жеке таксомоторлық компанияға тиесілі «Фольксваген-Гольф» автомашинасына жолаушы ретінде отырып, такси жүргізушісін аңшы шолақ мылтықпен қорқытып, автомашинасын иеленіп жасырынып кеткені анықталған.

«Күдіктіні қолға түсіру үшін «Тұтқындау» жоспары енгізілді. Ізін суытпақшы болған күдікті қашып жүргенде жол-көлік апатын жасап, сол жерде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Шолақ мылтық айғақ зат ретінде тәркіленді. Ұсталған адам уақытша оқшаулау орнына қамалды және осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - деді ресми өкіл.