Апта ішінде 65 есірткі қылмысы әшкереленіп, 76 келі есірткі тәркіленді - ІІМ

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Апта ішінде 65 есірткі қылмысы әшкереленіп, 76 келі есірткі тәркіленді, деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Апта ішінде 65 есірткі қылмысы әшкереленіп, 76 келі есірткі тәркіленді - ІІМ

Ведомствоның атап өтуінше, 1 апта ішінде 65 есірткі қылмысына қатысты факті анықталса, оның 27-сі есірткі сату ісіне қатысты болды. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 76 келіні құрайды, оның 6,5 келісі - героин.

Мәселен, есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлімшенің қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шара барысында Қостанай облысына қарасты Затобол елді мекенінде «Мерседес» көлігін басқарған 34 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның көлігін тексеру барысында артқы орындықтан сатуға арналған 7 келі 722 грамм гашиш табылып, тәркіленді. Сондай-ақ Алматы қаласындағы автотұрақтардың бірінен Шу қаласынан келген 22 мен 30 жас аралығындағы Жамбыл облысының 4 азаматы ұсталды. Олардың «Ауди-100» маркалы көліктерін тінту барысында 5 келі 224 грамм есірткі табылды.