Апта ішінде Астанада қандай мәдени шаралар бар

Ведомство мәліметінше, 21 қаңтар мен 10 ақпан аралығында қалалық алаңда, «Хан Шатыр» ОСО, Ботаникалық бақ аумағында «Astana Winter Land» фестивалі аясындағы қысқы шаралар топтамасы сағат 13:00-20:00 аралығында өткізіледі.
Ал Тәуелсіздік сарайында бірнеше көрменің ашылуы бүгін өтеді. Атап айтқанда, «Ақанаевтар әулеті» жеке көркем көрмесін, Рүстем Беркімбаевтың «Үміт жолы» жеке көркем сурет көрмесін, «Әуедегі қозғалыс» қазіргі заман өнер көрмесін, «Менің елім - Мәңгілік ел» атты Астана қаласы Суретшілер одағы жастар бірлестігінің көрмесін, С.Махамбетовтің «Баллада гор и степей» жеке көрмесін қала қонақтары мен тұрғындары сағат 10:00-ден бастап 18:00-ге дейін тамашалай алады.
Бүгін Назарбаев Университетінің спорт орталығында екі күндік Қазақстан Республикасының Үстел теннисінен V спартакиадасы басталды. Сонымен қатар «Дәулет» спорт кешенінде 4-9 ақпан аралығында теннистен BNP Paribas Федерация Кубогы 1 тобының матчы (Азия/Теңіз аймағы) өтеді.
Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының да бұл аптадағы репертураы бай. Нақты айтқанда, 5 ақпан күні сағат 11:00-де Т.Теменовтің «Ырылдақ күшік» ертегісі, 6 ақпан күні сағат 18:30-де А.Дударевтің «Кеш» драмасы, 7 ақпан күні сағат 18:30-де Р.Мұқанованың «Сарра» драмасы, 8 ақпан күні 18:30-да К.Кизидің «7+1» драмасы, 9 ақпан күні сағат 18:30-да С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы, 10 ақпан күні сағат 18:30-да М.Әуезов, Қ.Ысқақ «Қараш-Қараш» әлеуметтік драмасы қойылады.
«Жастар» театрында 6 ақпан сағат 19:00-де Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклі, 7 ақпан сағат 11:00-де Г.Х.Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісі, 8 ақпан сағат 19:00-де Н.Гогольдың «Ревизор» трагифарсы, 9 ақпан сағат 11:00- де Г.Х.Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісі, 10 ақпан сағат 19:00-де М.Левидің «Жер мен Көктің арасы» мелодрамасы көрермен назарына ұсынылады.
«Астана» концерт залында 7 ақпан сағат 19:00-де Санкт-Петербург қаласының би театры «Дышу тобой» жаңбыр астындағы екінші шоуын ұсынады.
«Қазақстан» орталық концерт залында 7 ақпан сағат 19:30-да «Академия солистов» атты Мемлекеттік оркестрдің концерті өтеді.
«Nomad city hall» концерт залында 8-9 ақпан сағат 18:30-да М.Камолеттидің «Мерекелік меню» комедиясы қойылады.
«Астана Опера» МОБТ үлкен залында 8 ақпан сағат 19:00-де, 9 ақпан сағат 17:00-де П.Чайковский «Евгений Онегин» операсының тұсаукесері, 10 ақпан сағат 17:00-де «Немецкая классика» камералық музыка кеші болады.
«Астана-Арена» стадионында 9-10 ақпан сағат 10:00-де футболдан Астана қаласының қысқы біріншілігі өтеді.
«Ататүрік» саябағында 9 ақпан сағат 11:00 және 17:00-де «Көңілді қыс» қысқы көңілді старт жарысы ұйымдастырылады.
Қуыршақ театрында 9-10 ақпан күндері сағат 12:00, 14:00 және 16:00-де А.Салаеваның «Қаңбақ шал» қазақ халық ертегісі сахналанады.
Бейбітшілік және Келісім сарайында 9-10 ақпан сағат 18:00-де «Жайдарман. Маусымашар» ойындары өтеді.
«Алатау» спорт кешенінде 10 ақпан сағат 10:00-де Жекпе-жек ұлттық спорт түрінен балалар мен жасөспірімдер арасында Астана қаласының чемпионаты басталады.