Апта ішінде жасалған 1 мың 850 қылмыстың 1 мың 453-нің ізі суымай ашылды - апталық брифинг
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен ақпанның 1-і мен 7-сі аралығында республикада 1 мың 850 қылмыс тіркеліп, олардың 1 мың 453-нің ізі суымай ашылды. Сондай-ақ тағы 398 бұрын жасалған қылмыстар ашылып, іздеуде жүрген 79 күдікті қолға түскен. Ал тәркіленген атыс қаруларының саны 7-і. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, өткен аптада республикада есірткімен байланысты 158 қылмыс анықталған. Оның 56-сы есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. Заңсыз айналымнан 15 килә есірткі алынды. Оның 1 киләсі героин, ал 2 киләсі гашиш. «Батыс желілік Ішкі істер департаментінің қызметкерлері иісшіл иттің көмегімен жүргізілген іздестіру жұмыстарының барысында «Бішкек-Мәскеу» бағытында кетіп бара жатқан жолаушылар пойызынан Ресейдің әйел азаматын ұстап, одан 935 грамм героин мен 2,7 килә гашиш тапты. Ұсталған әйелдің сөзіне қарағанда, ол Қырғызстан мемлекетінен шығып, Ресейдің Самара қаласына жетуі тиіс болатын. Самарада оны күтіп алуы қажет еді. Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Ақмола облыстық Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері алдын ал тергеу орындарында жатқан танысына 350 грамм марихуана жібермек болған Көкшетау қаласының 25 жасар тұрғынын ұстады. Ол есірткіні қамауда жатқан азаматқа әкелген шай қорапшасының астына жасырып жібермек болған», деді департамент бастығы.