Апта ішінде жасалған 3 мың 335 қылмыстың 1 мың 773-інің ізі суымай ашылды - ІІМ
ТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада республикада 3 мың 335 қылмыс жасалып, олардың 1 мың 773-інің ізі суымай ашылды.
Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз таныстырды.
Оның айтуынша, апта ішінде іздеуде жүрген 85 күдікті ұсталып, 7 қару тәркіленді. Сондай-ақ есірткімен байланысты 59 қылмыс анықталып, оның 33-і есірткіні саудалаумен байланысты болды. Сонымен қатар 266 келі есірткі тәркіленіп, оның 6,5 келісін героин құрады. «Атырау облыстық қылмыстық полиция қызметінің өкілдері 24 жасар жергілікті тұрғынды өлтіру қылмысын әшкереледі. Аталмыш азаматтың зорлық-зомбылық әрекеттерінің белгісі бар мүрдесі шілде айында қала маңындағы тоғайда табылған. Оған қатысты деген күдікпен Атырау қаласының 25-26 жастар аралығындағы үш тұрғыны ұсталды», - деді ресми өкіл.
Оның мәліметтері бойынша, Ақтөбе облысының Бірлік ауылында тамыз айының басында 20-22 жастар аралығындағы екі азаматтың мүрдесі табылған. Спиртті ішімдікке тойып алған соң жанжалдың салдарынан болған қылмыстық әрекетке қатысты тағы үш азамат ұсталды.