Апта кинопремьералары: Қазақстан кинотеатрларында не көруге болады

АСТАНА.KAZINFORM — Жаңа киноаптада көрермендерді түрлі жанрдағы қызықты премьералар күтіп тұр. Алдағы күндері қандай фильмдер көруге болады — Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыздар.

Апта кинопремьералары: Қазақстан кинотеатрларында не көруге болады
Фото: Kazinform/Kino.kz

Фантастика және қорқынышты фильмдер

«Шындықтың арғы жағы» (Закулисье реальности) фильмінде жиһаз жасаушы Кларк кездейсоқ жұмбақ кеңістікке апаратын портал тауып алады. Ол жер бір-біріне ұқсайтын, сары қабырғалы бөлмелерден құралған шексіз лабиринтке ұқсайды. Бастапқыда бұл жай ғана тосын жағдай болып көрінгенімен, кейіпкер құпия кеңістікке тереңдей түскен сайын оның бұл жерге тап болған алғашқы адам емес екенін түсіне бастайды.

«Ессіз әуестік» (Обсессия) фильмінің басты кейіпкері — сүйген қызының махаббатына жауап ала алмаған жас жігіт. Бір күні оның қолына тілекті орындайтын мистикалық зат түседі. Алайда армандаған бақытының орнына махаббаттың қауіпті әрі үрейлі түрімен бетпе-бет келеді.

«Кассандра» көрерменді 1980-жылдардағы шалғай ауылға жетелейді. Жергілікті әйелдерге көмектесетін емші зұлымдықтың белгілерін көре бастайды. Бірақ уақыт өте келе өзі де одан қашып құтыла алмайтын қорқынышты оқиғалардың бір бөлігіне айналады.

Ал «Қарғыс атқан рыцарь» (Проклятый рыцарь) фильмінде крест жорықтары дәуірі мистикалық оқиғалармен астасады. Аннаның күйеуі жоғалғаннан кейін ауылда жын-перінің салт аттысы пайда болып, қалыпты өмір түсініксіз күштердің ықпалымен өзгере бастайды.

«Өте қорқынышты кино» (Очень страшное кино) франшизасының жалғасында екі дос тағы да кісі өлтірушілер, құбыжықтар мен тылсым күштерге толы хаостың ортасында қалады.

Ал қазақстандық «Күн батыстан шыққанда» фильмінде кезекті жұмбақ кісі өлтіру ісін тергеген Аман мен оның әріптесі Лина «Жар Әулие» атты орман ішіндегі қасиетті орынға тап болады. Онда тұратын жас емшінің үрейлі сөздері шындыққа айнала бастағанда, оқиға мүлде басқа арнаға бұрылады. Қасиетті мекенді қорлаған жастардың әрекетінен кейін әлемнің өзі өзгеріске ұшырайды.

Фэнтези және шытырман оқиғалар

«Әлем әміршілері» (Властелины Вселенной) фильмінде көрермен қайтадан күйреген Этернияға оралады. Арада 15 жыл өткен соң ханзада Адам Хи-Мэн ретіндегі тағдырын қайта қабылдап, серіктерімен бірге әлемді құтқару үшін Скелеторға қарсы күреске шығады.

«Кощей. Тірі судың құпиясы» (Кощей. Тайна живой воды) анимациялық фильмінде әйгілі кейіпкер ақыры бақытқа қол жеткізуге мүмкіндік алады. Алайда Варвараға үйлену ол ойлағанынан әлдеқайда қиын болып шығады.

«Сиқырланған патшалықта» (Зачарованное королевство) егіздер уақытты өзгерте алатын ғажайып сағат тауып алады. Басқа әлемге тап болған олар әр шешімнің өз салдары бар қауіпті сынақтарға кезігеді.

Ал түркі аңыздарына негізделген «Құт» фильмінде қасиетті жерді қорғауға тырысқан жасөспірімдер ежелгі мифтермен бетпе-бет келеді. Уақыт өте келе аңыздар шындыққа айнала бастайды.

Комедия және отбасылық кино

«Зверолюция» анимациялық фильмінде Зоя есімді қыздың үй жануарлары оның ДНҚ-сына әсер етеді. Соның салдарынан адамдар мен жануарлар бір-біріне ұқсай бастайды. Кейіпкерлер жаңа әрі түсініксіз әлемде өмір сүруді үйренуге мәжбүр болады.

«Хотя бы кино 4» фильмінде бұрынғы сотталған адам шетелдегі қауіпті операцияға қатысу арқылы өмірін өзгерткісі келеді. Бірақ оқиғалар күтпеген бағытқа өрбіп, жағдай күрделене түседі.

«Папасының қызы» әкесі мен қызының қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін автокөлікпен шыққан сапары туралы баяндайды. Алайда жол бойындағы оқиғалар олардың өмірін түбегейлі өзгертеді.

Ал «Mangyshlaq Express. Пойыздағы дүрбелең» фильмінде Алматы–Маңғыстау бағытындағы кәдімгі пойыз сапары жұмбақтар мен күдікке толы оқиғалар тізбегіне айналады.

Анимация

«Қанатыңды қақ!» (Шевели перьями!) анимациялық фильмінде жас бүркіт құстар ұшуды ұмытқан әлемде өседі. Достарымен бірге ол жоғалған қабілетті қайтаруға тырысып, кез келген арманды қайта жаңғыртуға болатынын дәлелдейді.

Бұл санатқа «Сиқырланған патшалық» (Зачарованное королевство) туындысын да жатқызуға болады. Мұнда ғажайып әлемге жасалған саяхат үлкен сынаққа айналады.

Драма және триллер

«Үшінші қабаттағы қылмыс» (Преступлении на третьем этаже) фильмінде кино пәнінің оқытушысы көрші үйдегі күмәнді жағдайдың куәсі болады. Көргенінің рас екенін дәлелдеуге тырысқан сайын ол психологиялық тергеудің күрделі иіріміне түсіп кетеді.

«Өш-2: Қарындас» картинасында басты кейіпкер ұрланған қарындасын іздеу үшін қылмыс пен зорлық үстемдік құрған әлемге кіреді.

Ал «Лас ақша» (Грязные деньги) фильмінде кәсіби топ ұрланған миллиардты қайтаруға аттанады. Алайда операция көп ұзамай аман қалу үшін күреске ұласады.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.